Трамптың айтуынша, мұнай нарығындағы тапшылық салдарынан компаниялар «тым көп табыс» тауып отыр. Ол еркін кәсіпкерлікті қолдайтынын айтқанымен, корпорациялардың пайдасы күрт өсіп, ал тұтынушылар қымбат жанармай сатып алуға мәжбүр болатын жағдайды әділетсіз деп бағалады.
Болжам бойынша, ExxonMobil 2026 жылдың екінші тоқсанында шамамен 14,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда табады. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, Chevron шамамен 12 миллиард доллар пайда тауып, соңғы кемінде алты жылдағы ең жоғары тоқсандық қаржылық нәтижеге қол жеткізген.
Мұнай компаниялары табысының өсуі Иран төңірегіндегі әскери шиеленіс аясында мұнай бағасының барреліне 100 АҚШ долларынан жоғары көтерілуімен тұспа-тұс келді. Алайда қақтығысқа қатысты алаңдаушылық бәсеңдегеннен кейін мұнай бағасы қайта төмендей бастады.
Сонымен қатар Трамп Chevron компаниясының бас директоры Майк Виртті мұнай саласын қолдауда өз әкімшілігінің рөлін атап өтпегені үшін сынға алды. Президенттің айтуынша, Вашингтон қабылдаған шешімдердің арқасында компания қызмет аясын кеңейтіп, Венесуэла нарығына қайта орала алған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп бүкіл ел бойынша жанармай құю станцияларының иелерін бағаны төмендетуге шақырып, егер төмендетпесе, салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескерткен болатын.