АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы жалғасып жатқан соғысы аясында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Вашингтон мен Иран арасында қол жеткізілетін кез келген келісімді қабылдаудан басқа таңдауы болмайтынын айтты. Трамп бұл пікірін 7 маусым, жексенбі күні кешке жарияланған Financial Times газетіне берген сұхбатында білдірді.
– Барлық шешімді мен қабылдаймын. Ол (Нетаньяху – ред.) шешім қабылдамайды, – деді Ақ үй басшысы.
Сұхбат Израильдің Иран тарапынан жасалған зымырандық соққы туралы хабарламасынан кейін көп ұзамай жарияланды. Ислам революциясы сақшылары корпусы бұл шабуылды Израильдің Ливандағы «Хезболла» нысанына жасаған соққысына жауап ретінде берілген «ескерту» деп атады.
АҚШ президенті FT басылымына берген сұхбатында Иранның Израильге жасаған соққылары оның Ислам Республикасымен бейбіт келісімге қол жеткізу ниетін өзгертпейтінін айтты.
– Бұл келісімге ешқандай әсер етпейді. Не болатынын көрейік. Бірақ олар (Израильге жасалған зымырандық соққылар – ред.) ешқандай нәтиже бермеген шабуылдар болды. Бұл 3000 жылдан бері немесе қалай есептегеніңізге байланысты 47 жылдан бері жалғасып келе жатқан нәрселердің бірі, – деп келтіреді Трамптың сөзін басылым.
Сонымен бірге Ақ үй басшысы егер бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкін болмаса, әскери күш қолдануға қайтадан жүгінетінін атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Трамптың Иранға қатысты саясаты республикашылдар арасында сынға ұшырай бастағанын жаздық.