Трамп ондаған елге, соның ішінде Қазақстанға қатысты баж салығын енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар елге, соның ішінде Қазақстанға да жаңа кедендік баж салығын енгізді. Ол қол қойған жарлық Ақ үйдің сайтында жарияланған.
Тізімде 70-ке жуық мемлекет пен Еуропалық Одақ аталған. Импорттық баж салығының көлемі 10-нан 41 пайызға дейін өзгереді. Ең жоғары тарифтердің кейбірі Сирияға (41%), Лаос пен Мьянмаға (40%) және Швейцарияға (39%) белгіленген.
Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 25 пайыз.
ЕО, Жапония және Оңтүстік Корея үшін 15% көлемінде қосымша ақы қарастырылған.
Тізімде жоқ елдер үшін 10% мөлшеріндегі бірыңғай тариф қолданылады.
Баж салығы бұрын күтілгендей 1 тамызда емес, 7 тамызда күшіне енеді, өйткені жаңа ережелерді енгізу үшін көбірек уақыт қажет.
Ақ үй құжатына сәйкес, шара «америкалық жұмысшылардың мүдделері үшін жаһандық сауданы қайта құрылымдауға» бағытталған.
7 шілдеде Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатты жариялап, АҚШ-тың 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін хабарлады.
Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған хатта Трамп 1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін барлық импортқа 25 пайыздық импорттық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Дональд Трамп Қазақстанмен сауда қатынастарының маңыздылығы мен беріктігін атап өтті. Сондай-ақ ол сауда тапшылығына қарамастан Қазақстанмен ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Сәуір айында Трамп мемлекеттерге барлық саланы қамтитын баж салығын енгізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.
Кейін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің АҚШ-тың бірқатар тауарға жаңа кедендік баждар енгізуіне қатысты мәлімдемесі жарияланды.
— Бұл ретте қазақстандық экспорттың басым бөлігі жаңа тарифтерден босатуға байланысты жаңа баж салығынсыз жеткізіле береді. Бұл негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар — мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал мен титанға қатысты. Есептеу бойынша, қабылданған шаралар Қазақстанның АҚШ-қа экспортының 95 пайызға жуығына әсер етпейді, — деп хабарлады ведомство.
Сауда және интеграция министрлігі қазақстандық тауарлардың болжамды сауда режимін сақтау бойынша жұмыс аясында Қазақстан Үкіметі АҚШ-тың Ақ үй әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар мен бастамалар жолдағанын хабарлады. Қазақстанның мақсаты – нарыққа шығу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдерге қол жеткізу.
— Қазіргі уақытта америкалық тарап Қазақстанның ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөз өтетін күні туралы хабарлайтын болады. Қазақстан ұлттық мүдделерді қорғау және тұрақты сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мақсатында америкалық тараппен одан әрі келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр, — деп атап өтті ведомство.
Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ-тың Қазақстан экспортына енгізген баж мөлшерлемесі туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, АҚШ-тың Қазақстан экспортына енгізген баж мөлшерлемесі екі арадағы алыс-беріске 5 пайыз көлемінде ғана әсер етеді.
— Бұл оқиғада біз ақпарат алып қана отырған тараппыз. Әзірге біз ешкімге қарымта баж енгізу мәселесін қарастырып отырған жоқпыз. Бізге қарсы енгізілген баждардың көп бөлігі жұмыс істемейді. Өйткені біз ұсынатын тауарлар ерекше тізімде. Қазақстан шикізат тауарлары бойынша Еуропа мен Америка елдері үшін сенімді жеткізуші болып есептеледі. Уран, шикі мұнай, күміс, көміртегі деңгейі жоғары феррохром — ерекше тізімдегі тауарлар. Енгізілген баждың ол тауарларға ықпалы жоқ, — деді Серік Жұманғарин.
Еске сала кетсек, 2 сәуірде резидент Дональд Трамп АҚШ-тың барлық сауда серіктестері үшін 10% тарифті және өзінің «Америка бірінші кезекте» атты бағдарламасы аясында өзге ондаған мемлекетке барлық саланы қамтитын жоғары баж салығын енгізуді қарастыратын пакетін ұсынды.