Трамп өзін Нобель сыйлығына ұсынған Әзербайжан президентіне алғыс айтты

Фото: Azertac

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке алғыс хатын жолдады, деп хабарлайды Azertac.

Azertac хабарлағандай, Дональд Трамп Ильхам Әлиевке оның Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бірге өзін Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну жөніндегі бірлескен хаты үшін алғыс білдірген.

«Осы жоғары баға үшін Сізге терең ризашылығымды білдіремін, бұл бізді маңызды миссиямызды жалғастыруға шабыттандырады. Америка Құрама Штаттарының Президенті ретінде мен бүкіл әлемдегі қақтығыстарды тоқтатуға, бейбітшілікті және барлық адамдардың игілігін қамтамасыз етуге адал болып қала беремін. Сізбен үздіксіз серіктестік арқасында біз мүмкін емес деп саналатын нәтижелерге қол жеткіземіз», делінген Трамптың Бакуге жолдаған хатында.

Сондай-ақ АҚШ президенті И.Әлиевке тұрақты қолдауы үшін де алғыс айтқан.

Еске сала кетейік, жақында Трамп ФИФА-ның алғашқы Бейбітшілік сыйлығын иеленді.

Сондай-ақ Трамп Рождествоға дейін Газадағы бейбітшілік процесінің II кезеңі басталғанын жарияламақшы.