Трамп өзінің құрметіне вокзал мен әуежайдың атауын өзгерткісі келеді

Фото: whitehouse.gov

АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп өзінің құрметіне АҚШ-тың ең ірі вокзалы мен әуежайларының бірін өзгерту туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

CNN мәліметінше, президент Нью-Йорктегі Пенн-стейшн вокзалы мен Вашингтон маңындағы Даллес халықаралық әуежайы оның есімімен аталатын болса, Гудзон өзенінің астынан өтетін жаңа тоннель құрылысына қаржыландыруды қайта жандандыруға дайын екенін мәлімдеген.

Телеарнаның хабарлауынша, Трамп бұл идеяны Нью-Йорк штатынан сайланған Сенаттағы демократиялық азшылық жетекшісі Чак Шумермен талқылаған.

Қарсы қадам ретінде президент Нью-Йорк пен Нью-Джерси штаттарын байланыстыратын тоннель салуды көздейтін ірі Gateway инфрақұрылымдық жобасын іске асыруға арналған шамамен 16 млрд доллар қаржыны қайта босатуға уәде берген.

Алайда Шумер мұндай нысандардың атауын өзгерту туралы шешім қабылдауға өкілеттігі жоқ екенін айтқан.

Gateway жобасын үйлестіретін комиссия бұған дейін федералдық қаржыландыру болмаса, жұмыс жақын уақытта тоқтатылып, мыңдаған құрылысшы жұмысынан айырылуы мүмкін екенін ескерткен.

Тоннель құрылысы Трамптың Ақ үйге қайта оралуына дейін басталған, ал шығынның едәуір бөлігі федералдық бюджет есебінен жабылуы тиіс болған. Өткен жылдың соңында президент жобаны қаржыландыруды тоқтату жөнінде тапсырма берген. Нью-Йорк пен Нью-Джерсидегі Демократиялық партия өкілдері бұл шешімді саяси себептермен қабылданған деп бағалаған.

Сонымен қатар консервативті заң шығарушылар тобы Даллес әуежайын «Дональд Дж. Трамп атындағы халықаралық әуежай» деп атау туралы заң жобасын ұсынғанымен, бұл бастама әзірге кең қолдау таппаған.

Еске салайық, бұған дейін Трамп жеңілдікпен дәрі-дәрмек сататын сайтқа өз атын берген болатын. Өткен жылы америкалық көшбасшы Кеннеди орталығын басқаруға кірісіп, жақтастарынан директорлар кеңесін құрып, мекемені «Дональд Дж. Трамп пен Джон Ф. Кеннеди атындағы орындаушылық өнер мемориалдық орталығы» деп қайта атау туралы шешім қабылдаған.

Бұл шешім наразылық толқынын туғызды: көптеген әртіс пен ұжымдар саяси қысымға сілтеме жасап, өнер көрсетуден бас тартқан.

Бұған дейін Ақ үйдегі жаңа бал залы да Трамптың есімімен аталауы мүмкін екені хабарланған.
Сондай-ақ АҚШ Бейбітшілік институтының да Трамптың атымен аталғаны туралы ақпарат тараған.

Айта кетелік АҚШ Иранмен сауда жасайтын елдерден келетін тауарлардан баж салығын алады.