Трамп пен Нетаньяху Газадағы соғысты тоқтату туралы келісімге келді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министріне өзінің Газа секторындағы соғысты тоқтату жоспарына келіскені үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ВВС.
– Бұл әлеуетті өркениет тарихындағы ең ұлы күндердің бірі. Бүгін – әлем үшін тарихи күн, - деді Трамп.
Екі ел көшбасшыларының баспасөз мәслихаты басталардан біраз бұрын Ақ үй 21 негізгі тармақты қамтитын және Газаның көршілеріне қауіп төндірмейтін «террор мен радикализмсіз аймаққа» айналуынан басталатын ұсынылған жоспарды жариялады.
Трамптың айтуынша, жоспарға көптеген ел үлес қосты. Ол Еуропадағы одақтастармен бірге осы ұсынысты әзірлеуде «араб және мұсылман елдерінің көшбасшыларына қолдау көрсеткені үшін» алғыс айтты.
Ол араб және мұсылман елдері жоспар аясында қысқа мерзімде «Газаны демилитаризациялауға» міндеттеме алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ХАМАС туннельдері мен өндірістік нысандарын толығымен жою қарастырылғанын айтты.
Жоспар сонымен қатар жергілікті полицияны оқытуды қамтиды, ал Израиль қорғаныс армиясы Газадан әскерлерді кезең-кезеңімен шығаруы керек.
Трамп «Таяу Шығыстағы бейбітшілікке» жету үшін Биби Нетаньяхумен тығыз жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Екі көшбасшының баспасөз мәслихаты бір сағаттан астам кешігіп өткені атап өтілді. Кейінірек кідіріс Трамптың өтініші бойынша Нетаньяхудың Қатарға қоңырау шалып, қыркүйек айының басында Дохадағы ХАМАС нысандарына Израильдің зымыран соққысы байқаусызда Қатар әскери қызметкерінің өліміне әкеліп соқтырғаны үшін кешірім сұрауымен байланысты екені анықталды.
Еске салсақ, Израиль президенті Нетаньяхуға рақымшылық жасау мүмкіндігі туралы айтты.