Трамп пен Путин Шэньчжэньде келіссөз жүргізді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Ресей Президенті Владимир Путин Қытайда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында кездесіп, одан кейін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен бірлескен келіссөз өткізеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CBS News -ке сілтеме жасап.

Видеодан алынған скрин

– Біз көп жыл бойы жақсы қарым-қатынаста болдық. Бұл кездесуден оң нәтиже күтуге болады деп ойлаймын. Қалай болғанда да, жақсы бір істің бастамасы боларына сенімдімін, – деді Дональд Трамп кездесу алдында.

Жиынға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Қаржы министрі Скотт Бессент, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Ресейдің өзге де ресми өкілдері қатысты.

Айта кетейік, Путинмен қол алысып амандасуға беттеген Трамп одан: «Бұл кім?» деп сұрап, артынша күліп: «Бұл менің досым», – деді.

Трамп пен Путиннің кездесуі шамамен 40 минутқа созылды. Ақ үй оны екіжақты кездесуге қарағанда бейресми сипаттағы «жеке кездесу» деп атады. Ал келіссөз қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

Келесі кезекте Трамп Си Цзиньпинмен кездеседі. Одан кейін Қытай, Ресей және АҚШ басшыларының үшжақты кездесуі өтеді.

АҚШ Президенті Қытай мен Ресей басшыларымен ядролық қарусыздану мәселесін талқылауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл екі ел АҚШ-пен бірге әлемдегі ядролық қаруы ең көп үш мемлекеттің қатарына кіреді. Сондай-ақ кездесуде өзге де халықаралық мәселелер талқыланады.

Бұған дейін Трамптың Путин және Си Цзиньпинмен кездесу үшін Қытайға барғаны хабарланған болатын.