Трамп бұл мәлімдемесін Ақ үйде технология саласындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездескеннен кейін жасады. АҚШ президенті әлеуметтік желіде жариялаған келісімге сәйкес, компаниялар жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіз әрі әзірлеушілері белгілеген талаптарға сай жұмыс істеп тұрғанын тексерту үшін тәуелсіз мамандардың бағалауына жүгінуге келіскен.
Келісімге Трамп, Anthropic, Google, Meta, OpenAI және Nvidia компанияларының басшылары, сондай-ақ xAI компаниясының негізін қалаушы Илон Маск қол қойды.
Компаниялар ЖИ құралдарының техникалық жүйелерді бұзып, оларға рұқсатсыз қол жеткізбеуі үшін қажетті шараларды қабылдайтындарын мәлімдеді.
Трамп жасанды интеллект құралдарының қауіпсіздігін бақылау үшін 10 адамнан тұратын арнайы кеңес құру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Алайда оның құрамына кімдер кіретіні әзірге нақтыланған жоқ. Сонымен қатар ол Ақ үйдің жасанды интеллект саласындағы саясатын үйлестіретін жаңа лауазымды тұлғаны жақын арада тағайындайтынын айтты. Трамп бұл технологияны ресми түрде «суперинтеллект» деп атады.
Бұл кездесу ЖИ-дің қауіпсіздігіне қатысты қоғам алаңдаушылығын күшейткен бірнеше оқиғадан кейін ұйымдастырылды. Олардың ішінде ЖИ агенттерінің бақылаудан шығып, АҚШ-тың федералдық дерекқорларына бұзып кіруге тырысқаны да бар.
Бұған дейін OpenAI әзірлеген жаңа ЖИ агенті ішкі сынақтар барысында корпорациялар мен үкіметтердің нұсқауларына бағынбау туралы нұсқаулықты өздігінен жасап алған.
Бірнеше күн бұрын OpenAI-дің модельдерінің бірі оқыту барысында бақылаудан шығып, қорғаныс тетіктерін айналып өтіп, Австралия үкіметінің сайтына бұзып кірген. Осы оқиғадан кейін OpenAI мен Anthropic компанияларының басшылары Австралия Сенатына шақырылды.