Трамп пен Зеленский Нью-Йоркте кездесу өткізді
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Нью-Йорк қаласында кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Ақ үйдің мәліметінше, кездесуде тараптар Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесін талқылады.
Сондай-ақ Трамп пен Зеленский Ресейге қарсы санкцияларды да сөз етті.
АҚШ президенті Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері туралы айтуға әлі ерте екенін атап өтті.
— Бұл туралы кейінірек сөз қозғауымыз мүмкін. Бұл сұраққа жауап беру әзірге ерте деп ойлаймын, — деді Трамп.
Өз кезегінде Зеленский Ақ үй басшысына қолдау білдіргені мен АҚШ қаруының PURL механизмі арқылы жеткізілгені үшін алғыс айтты.
Еске сала кетейік, Трамп пен Зеленский соңғы рет 18 тамызда Вашингтонда кездескен болатын. Ол кездесуге Еуропа елдерінің көшбасшылары да қатысқан.