Трамп пен Зеленский жабық келіссөзді аяқтап, Еуропа көшбасшыларымен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі жабық келіссөзді аяқтап, еуропалық көшбасшылармен кездесуге кірісті, деп хабарлайды CNN.
Көпжақты кездесу де жабық форматта өтеді. Алдын ала қатысушылар естелік фотосессияға түсті.
Бұған дейін Трамп пен Зеленскийдің ашық кездесуі өткен еді. Онда Ақ үй басшысы Украинаға «қуатты» қауіпсіздік кепілдіктерін беруге және «үлкен көлемде көмек» көрсетуге уәде етті.
– Қауіпсіздік мәселелері бойынша өте, өте көп көмек береміз. Бұл жақсы болады, – деді Трамп Зеленскиймен кездесуде.
Ол сондай-ақ ықтимал бейбіт келісімді сақтау үшін америкалық әскерлерді Украинаға жіберу мүмкіндігін жоққа шығармады.
Ақ үй басшысы «оқ атуды тоқтату» емес, «бітім мен ұзақ мерзімді бейбітшілік» орнағанын қалайтынын атап өтті. Сонымен бірге Украинаға НАТО-ға кіру мүмкіндігіне қарсы екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Владимир Зеленский Украина соғысты тоқтатудың «дипломатиялық жолын» табуға дайын екенін айтып, Киевтің Мәскеу және Вашингтонмен үшжақты кездесу өткізуге ниетті екенін тағы да жеткізді.
Сондай-ақ ол Украинада бейбіт келісім жасалып, қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізілген жағдайда президенттік сайлау өткізуге дайын екенін атап өтті.
Трамп бүгінгі кездесулерден кейін Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесетінін хабарлады. Оның айтуынша, әңгіме барысында өзі, Путин және Зеленский қатысатын үшжақты кездесу идеясын талқыламақ.
Айта кетейік, ашық кездесуден соң Трамп пен Зеленскийдің жабық келіссөздері өткен болатын.