Трамп пошта арқылы дауыс беруді тоқтатуға бастамашы болмақ

Фото: Spotlight Delaware

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні пошта арқылы дауыс беру жүйесіне қарсы шықты және бұл тәжірибеден бас тарту үшін «қозғалысқа бастамашы» болатынын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қолданылып жүрген «дауыс беру құрылғылары дәлдігі өте төмен және даулы», әрі олар сутаңбалы қағаз бюллетендерге қарағанда он есе қымбат тұрады.

— Қазір біз — пошта арқылы дауыс беруді қолданатын әлемдегі жалғыз елміз. Басқа барлық елдер бұл жүйеден жаппай алаяқтық салдарынан бас тартты. Біз бұл бағыттағы жұмысты бастаймыз. Әрине, демократтар бұған қатты қарсы тұрады, өйткені олар ауқымды алаяқтық жасайды. Біз 2026 жылғы аралық сайлаулардың әділ өтуін қамтамасыз етуге бағытталған жарлыққа қол қойып, бұл процесті бастаймыз, — деді Трамп.

Айта кетейік, тарихи тұрғыда пошта арқылы дауыс беруді демократтар жиі пайдаланады. Бұл жүйе әсіресе 2020 жылғы президент сайлауында COVID-19 пандемиясына байланысты кеңінен қолданылған болатын.

Осыған дейін хабарланғандай, InsiderAdvantage сауалнамасының нәтижесі бойынша, Аляскада Ресей президенті Владимир Путинмен болған кездесуден соң АҚШ президенті Дональд Трампты қолдаушылар саны артқан.