Трамп бұл туралы Salem News Channel телеарнасына берген сұхбатында айтты. Одан президенттік мерзімі аяқталғанға дейін Кубаға қарсы әскери операция жүргізуге рұқсат бере ме деп сұраған.
– Мен қызметімнен кетпей тұрып Куба мәселесін шешкім келеді, – деді АҚШ президенті.
Ол Вашингтонның аралдағы жағдайды жіті бақылап отырғанын атап өтті.
– Біз ондағы жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Елдің жағдайы өте нашар. Негізінен, бұл – сәтсіздікке ұшыраған мемлекет, – деді Трамп.
Сондай-ақ ол ата-анасы Кубадан шыққан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы мақтады. Трамптың айтуынша, Рубио да Куба мәселесін шешуге мүдделі.
– Мен мұны сол елден Америкаға келіп, кезінде қатты қиындық көрген кубалықтардың игілігі үшін жасағым келеді, – деді ол.
АҚШ президенті Кубаға қарсы әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Айта кетейік, АҚШ-тың қысымымен Куба тағы да жарықсыз қалғанын жаздық.
Сондай-ақ Вашингтон Кубаға қарсы санкцияларын кеңейтті. Бұл президент Мигель Диас-Канел мен Рауль Кастроның отбасы мүшелеріне әсер етті.