Трамп Путин және Зеленскиймен үшжақты кездесу өткізуді көздеп отыр

АСТАНА.KAZINFORM —  АҚШ президенті Владимир Путинмен Аляскада өтетін кездесуі сәтті өтсе, бұл кездесуден кейін бірден Ресей және Украина басшыларымен үшжақты саммит ұйымдастыруды көздеп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС. 

Фото: x.com/whitehouse

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, егер Владимир Путинмен Аляскадағы кездесу жақсы өтсе, ол мүмкіндігінше тез арада Ресей мен Украина қатысатын үшжақты келіссөз ұйымдастырмақ.

— Егер алғашқы кездесу жақсы өтсе, біз екінші кездесуді тез арада өткіземіз. Оны бірден жасағым келеді. Екінші кездесуге президент Путин, президент Зеленский және мен қатысамын, егер олар менің қатысқанымды қаласа, — деді ол Вашингтондағы Джон Кеннеди атындағы орындаушылық өнер орталығына барған кезінде.

Трамп 8 тамызда Владимир Путинмен 15 тамызда Аляскада кездесуді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді. Кейін бұл жоспарды РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та растады. 

Айта кетелік Путин мен Трамп Анкоридждегі әскери базада кездеседі.