Трамп: Ресей дизель отынын АҚШ пен Еуропаға жеткізеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін ресейлік дизель отынын АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізу жөнінде келісім жасалғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды BBC.

Фото: Report.az

Трамптың айтуынша, Ресей 300 мың тоннадан астам дизель отынын жақын арада жеткізеді. Бұдан бөлек қарашада тағы 500 мың тонна, ал одан кейін 1 миллион тонна дизель отынын жеткізу жоспарланған.

– Мен Ресей президенті Владимир Путинмен жаңа ғана өте нәтижелі келіссөз жүргіздім. Оның қорытындысы бойынша Ресей АҚШ пен әлемдік нарыққа 300 мың тоннадан астам дизель отынын жақын арада жеткізеді. Сонымен қатар қараша айында тағы 500 мың тонна, ал одан кейін бірден 1 миллион тонна дизель отынын жеткізу жоспарланып отыр, – деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

АҚШ президентінің айтуынша, Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік әлеуетін ескерсек, ел қысқа мерзім ішінде қосымша 3 миллион тонна дизель отынын жеткізуге қауқарлы.

– Ормуз бұғазына толық бақылау орнатуымыз және Ресейдің энергетикалық ресурстарына қатысты маңызды мәлімдемеміз АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлемде дизель отыны бағасының едәуір төмендеуіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде жанармай бағасы жақын арада түседі, – деп мәлімдеді Дональд Трамп.

Сонымен қатар АҚШ Қаржы министрлігі Ресей дизель отынын ел нарығына жеткізуге рұқсат беретін уақытша лицензия бергені белгілі болды.

ТАСС агенттігінің мәлімдеуінше, Ресей АҚШ пен әлемдік нарықтарға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізуге дайын екенін растаған. Мұны Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін мәлімдеді.

Бұдан бөлек екі ел басшысы Украинадағы қақтығысты реттеу жолдары мен оны бейбіт жолмен шешу перспективаларына ерекше назар аударған.

Путиннің сөзінше, Ресей мұнайының АҚШ нарығына қайта жеткізілуі әлемдік экономикаға оң әсерін тигізеді.

Кремльдің хабарлауынша, Владимир Путин мен Дональд Трамп жеке байланыстарды жалғастыруға, сондай-ақ екі ел әкімшіліктері, арнайы қызметтері мен тиісті мемлекеттік органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласқан.

Бұған дейін Дональд Трамптың АҚШ-та дизель отынының бағасын төмендетуге бағытталған жарлыққа қол қойғанын хабарлаған едік. 

Сонымен қатар АҚШ президенті елдің стратегиялық мұнай қорын толықтыру ниеті бар екенін де мәлімдеген еді.