Трамп Ресей-Украина қақтығысының себебін атады
АСТАНА.KAZINFORM - Бұған себеп ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаның НАТО-ға кіру ниетін атады, деп жазады ТАСС.
- Менің ойымша, соғыс Украина НАТО-ға кіруге ниет білдіре бастағанда басталды. Егер бұл мәселе көтерілмегенде, соғыстың басталмауы да мүмкін еді, - деді Трамп Time журналына берген сұхбатында.
Бұған дейін Reuters АҚШ ұсынған бейбіт келісім жобасын жариялаған болатын. Онда «Украина НАТО-ға кіруге ұмтылмайды» делінген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі күні Ресей мен Украина бітімгершілік келісімге «осы аптада-ақ» қол жеткізе алатынын айтқан.
Сәрсенбі күні Лондонда Украина, Америка және еуропалық делегациялардың қатысуымен келіссөздер өтіп, онда АҚШ-тың бейбіт реттеу жөніндегі ұсыныстары талқыланды. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио келмегендіктен, жиынның мәртебесі айтарлықтай төмендеді.