Трамп Республикалық партия сайлауда жеңсе, америкалықтарға $5 мыңнан төлеуге уәде берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп қарашада өтетін аралық сайлауда Республикалық партия Конгрестегі үстемдігін сақтап қалса, әрбір ересек америкалыққа 5 мың доллардан беруге уәде етті. Бұл туралы Kazinform ВВС -ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Bill Clark/CQ Roll Call

Трамп бұл ұсынысын Республикалық партияның аралық сайлауға арналған съезінде жариялады.

— Егер аталған партия АҚШ Өкілдер палатасы мен Сенаттағы үстемдігін сақтап қалса, экономикамыздың орасан зор жетістігінің арқасында Америка Құрама Штаттарының әрбір ересек азаматына $5 мың көлемінде дивиденд төлеймін, — деді Трамп.

Ақ үйдің басшысы мұны табысты компаниялардың өз инвесторларына дивиденд төлейтіні сияқты қадам деп түсіндірді.

— Бұл дивиденд тек АҚШ аумағында пайдаланылуға тиіс. Қаражаттың Канадаға, Қытайға немесе Германияға кетіп, сол елдерде жұмсалғанын қаламаймыз. Ақша ел экономикасына қызмет етуі керек, — деді ол.

Алайда бұл қаражатты кім бөлетіні, оның жұмсалуын АҚШ үкіметі қалай қадағалайтыны және мұндай төлемдердің заңға қаншалықты сай келетіні әзірге белгісіз.

2025 жылы АҚШ-тағы ересектердің саны шамамен 267 миллион адам болғанын ескерсек, Трамп ұсынған дивидендтерді төлеуге $1,34 триллион қажет болады.

Айта кетейік, қазіргі сауалнамалардың басым бөлігінде Демократиялық партия алда келеді. Партияның Өкілдер палатасындағы басымдығымен қатар, Сенаттағы бақылауды да өз қолына алу мүмкіндігі жоғары.

Бұған дейін биыл өткен футболдан әлем чемпионаты АҚШ экономикасына $18 млрд-тан астам кіріс әкелгенін жазған болатынбыз.

Ақзат Жиеналина