Трамп сауда келісімі жасалмаған елдерге баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қояды

Фото: Report

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Вашингтонмен сауда келісіміне қол қоймаған елдерге импорттық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қоймақ. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левиттің журналистерге берген брифингінде айтылды, деп хабарлайды Report.

– Ол (жарлыққа) бүгін күндіз немесе кешкісін (жергілікті уақытпен) қол қояды. Қашан болатынын хабарлаймыз, ал құжатты баспасөз қызметіміз жариялайды, – деді Левитт.

Еске сала кетейік, 28 шілдеде Шотландияда журналистермен әңгімелесу барысында Трамп АҚШ-пен сауда келісімін жасамаған елдерге 15-20% көлемінде баж салығын енгізуді жоспарлап отырғанын айтқан болатын.

Айта кетейік, АҚШ бірнеше елмен сауда келісіміне қол қойды, сондай-ақ Дональд Трамптың 1 тамызға белгіленген баж салығын енгізу мерзімі алдында Үндістан мен Бразилияға баж салығын енгізді.