Трамп Сирияға салынған санкцияларды алып тастады

Фото: Фото: АА

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ көшбасшысының айтуынша, ол осындай шешімді Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен Сириядағы жағдайды талқылаған соң қабылдады, деп хабарлайды Euronews.

БАҚ мәліметінше, Трамп Парсы шығанағы мен АҚШ саммиті өтетін Эр-Риядта Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен жеке кездесуі мүмкін. Кездесу әлі расталған жоқ, бірақ ақпарат көздерінің дерегінше, 45 минуттық келіссөз жоспарланған.

Санкцияларды алып тастау – аш-Шараның басты басымдығы. Ол Сирияның жаңа үкіметі экономикалық қысымды азайтып, Батыспен қарым-қатынасты жақсартқысы келетінін көрсетпек.

Трамп бұған дейін АҚШ «Сирияға мүмкіндік беру» үшін санкцияларды алып тастауды қарастырып жатқанын мәлімдеген. Дамаскіде бұны «халықтың азаптан құтылу мүмкіндігі» ретінде қабылданды.

Сауд Арабиясының рөлі

Сирия Сауд Арабиясының Құрама Штаттармен қарым-қатынасты қалпына келтіруде делдал ретінде әрекет ететінін растады.

Дипломаттардың пікірінше, көшбасшылардың ықтимал кездесуінің сәтті болуы саудтықтарға байланысты болады.

Батыс дипломаттарының айтуынша, Иордания, Сауд Арабиясы және Түркия Сириядағы тұрақтылықты қалпына келтіруге мүдделі.

Дамаск ұсынысы

Reuters агенттігі хабарлағандай, Сирия АҚШ-қа келіссөзді бастауды ұсынған. Ықтимал қадамдар арасында Дамаскіде «Трамп мұнарасының» құрылысына рұқсат беру, Израильмен қарым-қатынасты жақсарту және АҚШ-тың Сирия мұнайы мен газына қол жеткізуіне рұқсат беру бар.

Егер Трамп пен аш-Шаараның кездесуі өтсе, бұл АҚШ пен Сирия арасындағы қарым-қатынаста өзгерісті кезең болуы мүмкін. Дегенмен, көп нәрсе екі жақтың ымыраға келуге дайындығына байланысты болады.

Осыған дейін Ұлыбритания Сирияның күштік құрылымдарына салынған санкцияларды алып тастағанын жаздық.