Трамп пен Ирландия премьер-министрі Майкл Мартин Ирландия астанасы Дублинде екіжақты кездесу басталар алдында журналистерге мәлімдеме жасады.
Мартин екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік әрі тарихи байланыстарға негізделгенін атап өтіп, Трамптар отбасының Ирландияның Дуонбег өңіріне салған инвестициясы 350 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бергенін айтты.
Мартин Трамптың Ирландияға «Irish Open» гольф турниріне қатысу үшін келгенін атап өтіп, АҚШ-та Ирландиядан шыққан адамдардың көп екенін де айтты.
«Бұл жақында аяқталады»
Трамп турнирді әлемдегі ең маңызды шаралардың бірі деп атап, екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихтағы ең жоғары деңгейде екенін айтты.
Журналистердің «Иранмен соғыс қашан аяқталады?» деген сұрағына Трамп: «Меніңше, ол жақында аяқталады», — деп жауап берді.
Оның айтуынша, Иранның ядролық қаруға ие болуына санаулы апта ғана қалған. Бұл жағдай «Израиль мен Таяу Шығысты жарып жіберуі мүмкін».
— Біз өртті сөндірдік. Олар ядролық қаруға ие бола алмайды, — деді Трамп.
АҚШ-тың Газадағы геноцид пен Батыс жағалауды Израильдің басып алуын қолдап отыр деген айыптауларға жауап берген Трамп: «(Газада) біз өртті сөндіріп, барлық тұтқынды құтқардық», — деп жауап қатты.
«Ол кезде Англия басқа ел еді»
Трамп соңғы уақытта Аргентина мен Англия арасында Фолкленд аралдарына қатысты қайта өршіген дау туралы да пікір білдірді.
— Жас кезімде Фолкленд соғысы туралы естідім. Бірақ ол кезде Англия басқа ел еді. Олар аралдарды қайтарып алды. Қазір мұны істей алатынына сенімді емеспін. Оларда көші-қон және энергетика мәселелері бар. Аралдарға алаңдайтындай олардың проблемасы тым көп. Қайтадан ол жаққа барғысы келе ме, білмеймін. Өйткені ол жер шынымен де өте алыс. Кемемен баруға бірнеше апта кетеді. Мұны ықтимал апат деуге болады, — деді АҚШ президенті.
Солтүстік Ирландия мен Ирландия Республикасының бірігуі туралы сұраққа Трамп: «Мен мәселе туындатқым келмейді, бірақ олардың бірігуін көргім келеді. Менің екі тарапта да достарым бар, — деді ол.
Трамп ирландиялықтардың «жаман адамдар емес» екенін айтып: «Олардың бірігуін көру керемет болар еді. Түптің түбінде олар бірігеді. Меніңше, бұл ақыр соңында болады. Егер солай болса, керемет болар еді», — деді.
АҚШ президенті Канада мен АҚШ арасындағы сауда келісіміне жақын арада қол қойылатынын да мәлімдеді.
— Канада бұл келісімді қатты қалайды. Иран да келісім жасауды қатты қалайды. Канада біздің фермерлерімізге жақсы қарауы керек, — деді Трамп.
Бұдан бұрын Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасындағы соғыс 2026 жылғы 3 қарашадағы Конгресс сайлауына дейін аяқталуы мүмкін екенін айтты.