Трамп сөз сөйлер алдында Вашингтонда эвакуация жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған Вашингтондағы мерекелік іс-шаралардың өтуіне қатты найзағайдан қауіп төнді. Президент Дональд Трамптың Ұлттық аллеядағы сөз сөйлеуіне бірнеше сағат қалғанда ұйымдастырушылар келушілерді эвакуациялап, мерекелік бағдарламаны уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Associated Press .

Фото: wionews.com

Қатысушыларға жақын маңдағы мұражайларға, федералдық ғимараттарға және метро станцияларына паналау ұсынылды. АҚШ-тың Құпия қызметі де іс-шара басталғанға дейін бақылау-өткізу бекеттерін уақытша жапты.

Ел астанасындағы қолайсыз ауа райына қарамастан, АҚШ-тың басқа қалаларында мерекелік шаралар жалғасты. Нью-Йоркте Азаттық мүсінінің маңында 43 желкенді және әскери кеменің шеруі өтті. Одан кейін Blue Angels пилотаж тобы мен Францияның Patrouille de France авиациялық тобының қатысуымен әуе шоуы ұйымдастырылды.

Ал осыдан 250 жыл бұрын Тәуелсіздік декларациясы қабылданған Филадельфияда аптап ыстыққа қарамастан мерекелік іс-шаралар өткізілді.

Мерейтойға дайындық бірнеше айға созылған. Алайда АҚШ-тың шығыс жағалауының едәуір бөлігін қамтыған аномальды ыстыққа байланысты бірқатар қалада ұйымдастырушылар мерекелік бағдарламаны өзгертуге мәжбүр болды.

Мереке елдегі саяси көзқарастардың айқын жіктелуі аясында өтіп жатыр. Бір күн бұрын Дональд Трамп Рашмор тауының жанындағы сөзінде коммунизмді «америкалық еркіндікке төнген өлім қаупі» деп атады. Ал Тәуелсіздік күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс елді сынаушылар оның жетістіктері емес, кемшіліктері туралы айтатынын мәлімдеді.

– Олар сіздерді Американы әлсіздер күштілерге қарсы күресуге мәжбүр болатын кезекті ел ғана деп сендіруге тырысады, – деді Вэнс.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампты Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады.

Ал тәуелсіздік жариялағанына 250 жыл болған АҚШ-тың әлемдік саясаттағы ықпалы қалай өзгергенін мына жерден оқыңыз.