Трамп: Тегеран тұрғындары шұғыл эвакуациялануы тиіс

Фото: АА

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп TruthSocial желісінде жариялаған жазбасында Тегерандағы барлық тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялануға шақырды, деп жазды BBC.

—Иран бұл «келісімге» қол қоюы керек еді, мен олардан соны талап еттім. Өкінішті, қанша орынсыз қаза болды. Қарапайым тілмен айтқанда, Иран ядролық ядролық қару қолданбауы тиіс. Мен бұл туралы қайта-қайта айтып келемін! Барлығы Тегераннан шұғыл түрде эвакуациялануы керек! , — делінген Трамптың жазбасында.

Трамптың мәлімдемелері жиі түсініксіз болғандықтан, бұл жолы нақты нені меңзегені белгісіз. 

BBC тілшісі Энтони Зуркер, қазіргі таңда Трамппен бірге Канададағы «Үлкен жетілік» саммитінде жүрген, президенттің баспасөз байланыстары жөніндегі көмекшісінен түсініктеме сұраған. Алайда ол журналисті Ақ үйдің баспасөз қызметіне жүгінуге кеңес берген.

Тегераннан эвакуация туралы твиттен кейін Трамп осы тақырыпқа қатысты тағы бірнеше қысқа жазба жариялады.