Трамп Техаста төтенше жағдай режимін енгізді

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп нөсер жауын мен Гуадалупе өзені суының арнасынан асуына байланысты су тасқынынан ең қатты зардап шеккен Техас штатының Керр округінде төтенше жағдай режимін енгізді, деп хабарлайды ТАСС.

Дональд Трамп Төтенше жағдай режимін енгізу шұғыл қызмет өкілдеріне қажет ресурстарды жедел бөлуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Техастың орталық бөлігінде кемінде 59 адам мерт болған. Техас губернаторы Грег Эбботтың хабарлауынша, 850 адамды эвакуациялауға мүмкіндік туды.

АҚШ президенті сонымен қатар федералды билік өкілдерінің су тасқыны салдарымен күреске қолғабыс етіп жатқанын айтты. Сенбі күні Техасқа АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм барды.

Осыған дейін Техастағы су тасқынынан мерт болғандар саны 51-ге жеткенін және олардың 15-і балалар екені туралы жаздық.