Трамп The New York Times газетін жала жапты деп сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, The New York Times – ел тарихындағы ең нашар және ең азғын газеттердің бірі.
Бұл туралы америкалық көшбасшы Truth Social-дағы парақшасында хабарлады.
- Бүгін мен Радикалды солшыл демократиялық партияның іс жүзінде дауыс зорайтқыш құралына айналған біздің ел тарихындағы ең нашар және азғындаған газеттердің бірі The New York Times газетіне қарсы жала жабу және қорлау бойынша 15 млрд доллар өндіріп алу үшін сотқа шағымдану құрметіне ие болдым, - деп жазды ол.
Ақ үй басшысы басылымды 2024 жылғы президенттік сайлауда оның қарсыласы, сол кездегі вице-президент Камала Харристі ашық қолдады, сондай-ақ оны және оның отбасы мүшелері мен айналасындағыларға жала жапты деп айыптады.
- Басылым ондаған жылдар бойы сіздің сүйікті президентіңіз (мен!), менің отбасым, бизнесім, «Америка бірінші кезекте» қозғалысы, MAGA және біздің еліміз туралы өтірік айтып келеді. Мен жалған жаңалықтар желілері сияқты бір кездері құрметке ие болған осы «газетті» жауапқа тартып отырғанымды мақтан тұтамын, - деп қосты Трамп.
Еске сала кетсек, өткен жылдың соңында Трамп сот арқылы ABC News телеарнасынан 15 миллион доллар өндіріп алды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Wall Street Journal газетінің баспагері, медиамагнат Руперт Мердокқа және журналистерге Джеффри Эпштейнге арналған ашықхат туралы мақалаға байланысты жала жапқанын айтып, сотқа берді.