Трамп: Украинамен сирек кездесетін минералдар жөніндегі келісімге келесі аптада қол қойылады

Фото: Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM –  АҚШ президенті соғыстың басталуына жауапкершілікті бұрынғы президент Байденге жүктеді. Бұл туралы Анадолы хабарлады. 

Трамп Ақ үйде Италияның премьер-министрі Джорджия Мелониді қабылдап, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты соңғы жағдай туралы айтты.

Трамп Киевпен сирек кездесетін минералдар бойынша келісім аяқталғанын мәлімдеді. 

— Бізде пайдалы қазбалар жөнінде келісім бар, оған келесі бейсенбіде қол қойылады деп ойлаймын. Украина бұл келісімді орындайды деп үміттенеміз, көре жатармыз. Бірақ бұл мәселе бойынша уағдаластық бар, — деді ол.

Мәскеудегі ресейлік тараппен жүргізіліп жатқан келіссөздер туралы айта келе, Трамп осы аптада Мәскеуден хабар күтіп отырғанын жеткізді.

Украина президенті Владимир Зеленский соғыс үшін жауапты ма деген сұраққа АҚШ президенті былай жауап қатты.

— Зеленскийдің жауапты екенін білмеймін, бірақ бұл соғыс мүлде басталмауы керек еді. Мен Зеленскийді айыптамаймын, бірақ оның өте жақсы жұмыс істеп жатқанын да айта алмаймын. Мен оның жанкүйері емеспін, — деп жауап берді ол.

Соғыстың басталуына жауапкершілікті АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденге жүктеген Трамп енді бұл соғысты тоқтату қажет екенін және өзі осы бағытта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

— Ресей — әлдеқайда үлкен ел, әскери жағынан қуатты держава. Егер сіз ақылды болсаңыз, Байденді бұл креслода отырғаны үшін айыптауға болатын соғысқа кіріспес едіңіз, — деді ол.

Трамп сондай-ақ Италияның Украинадағы бітімгерлік миссиясына қатысуы жөніндегі сұраққа да жауап беріп кетті. 

— Бұл — Италияның шешімі. Мен бітімгерлік миссияға оң көзбен қараймын, — деп жауап берді. 

Айта кетелік Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Еуропа үшін тарифтерді төмендетуге қол жеткізу мақсатында Ақ үйге барған еді