Трамп Үндістан тауарларына 25% қосымша баж салығын енгізді

Фото: whitehouse.gov

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Президенті Дональд Трамп Үндістаннан әкелінетін тауарларға 25 пайыз көлемінде қосымша баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Құжат 6 тамыз, сәрсенбі күні Ақ үйдің ресми сайтында жарияланды, деп жазады DW.

– Үндістаннан импортталатын, тікелей немесе жанама түрде Ресей Федерациясынан мұнай жеткізілетін тауарларға қосымша адвалорлық (яғни кедендік құнына пайызбен белгіленетін – ред.) баж салығын енгізу қажет әрі орынды деп есептеймін, – делінген жарлықта. Бұл шара 21 күннен кейін күшіне енеді.

Бұған дейін, 31 шілдеде, Трамп Үндістаннан әкелінетін өнімдерге 25 пайыздық сауда үстемесін белгілейтін жарлықты мақұлдаған болатын. Ол 7 тамыздан бастап күшіне енеді.
Алғашқы хабарлар шыққаннан кейін Үндістандағы төрт мемлекеттік мұнай өңдеу зауыты Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатқанын мәлімдеген еді. Алайда түрлі дереккөздер Үндістанның АҚШ-тың қысымына қарамастан, ресейлік мұнайды сатып ала беретінін хабарлаған. Осыған байланысты баж салығының жаңа кезеңі енгізіліп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Трамп Үндістанға қатысты тарифтерді «айтарлықтай» арттыруды жоспарлап отырғанын жаздық.