Трамп жобасынан кейін Линкольн бассейнін балдыр басып, жарық пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтонда Линкольн мемориалы жанындағы айна тәрізді бассейнді қайта жаңғырту жұмыстарына 14 млн доллардан астам қаржы жұмсалған. Алайда бұл жоба үлкен саяси және экологиялық жанжалға айналды, деп хабарлайды Associated Press .

Фото: X / @TMZ

Жаңа жабын қабыршақтанып түсе бастағаннан кейін су балдырмен қапталып, ал маңайынан өлі үйректер табылған. Бұл жағдайдан соң, президент Дональд Трамп нысанды бүлдірді деген күдікпен 6 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Сейсенбі күні Трамп әлеуметтік желіде бассейннің түбінде 350 фут (шамамен 107 метр) жырық пайда болғанын хабарлады. Президент тағы да бұзақыларды айыптап, оны дәлелдейтін фотосуреттер жариялайтынын уәде етті. Алайда сейсенбі кешіне дейін ешқандай фото немесе бейне ұсынылған жоқ.

Трамптың айтуынша, бұл қасақана жасалған. Сондай-ақ ол бассейнге келтірілген залалға қатысты тағы 7 адамға айып тағылғанын мәлімдеді.

— Бұл қасақана және қылмыстық жолмен жасалды — біреу осындай залал келтіру үшін көп күш жұмсады, — деп жазды президент.

Алайда Ұлттық саябақтар полициясы мен АҚШ Ішкі істер министрлігі вандализм және ұсталғандар туралы мәлімдемелерді ресми түрде растаған жоқ.

Қайта жаңғырту кезінде не болды?

Трамп бұл бассейнді мерейтойлық іс-шараларға дейін толық жаңартамын деп уәде берген. Оның ішіндегі суы төгіліп, түбі қара көк бояумен боялған, оны президент «Америка туының түсі» деп атаған.

Бірақ жұмыстар аяқталғаннан кейін көп ұзамай бассейн тез балдыр басып, жаңа жабын қабыршақтана бастаған.

Жоба мердігері — Atlantic Industrial Coatings компаниясы — ақаулар бар екенін мойындады, бірақ зақымданған бөліктер бүкіл нысанның өте шағын бөлігі екенін атап өтті. 

Жөндеу жұмыстары су қайтадан төгілгеннен кейін, кепілдік міндеттемелер аясында жүргізілетіні айтылды.

Техникалық мәселе қауіпсіздік мәселесіне айналды

Президенттің вандализм туралы мәлімдемелерінен кейін бассейн маңында күзет күшейтілді. Нысанға ұлттық гвардия мен ұлттық парктер полициясының патрульдері тартылып, жұмысшылар қоршаулар орната бастады.

Associated Press мәліметінше, ұсталған ер адамдардың бірі жабынның қабыршақтанып тұрған бөлігін тек қолымен ұстап көргенін, содан кейін парк қызметкерінің талабымен дереу қолын алғанын айтқан.

Экологтер талабы

Бұл жағдайға үйректердің қырылып қалғаны туралы хабарлардан кейін тағы да назар аударылды. Балдыр басқан бассейнің ішінде де сыртында да үйректің өлекселері табылды. 

Center for Biological Diversity ұйымы балық және жабайы табиғатты қорғау федералды қызметінен тергеу жүргізуді және Migratory Bird Treaty Act ережелерінің сақталуын тексеруді талап етті.

— Американың 250 жылдығына орай айна тәртізді бассейнді үйректер үшін үлкен тұзаққа айналдыру — бұл қатыгез, ақымақ және өзімшіл әрекет, — деді ұйым өкілі Тара Зуардо.

Жабайы жануарларды құтқару және зерттеумен айналысатын City Wildlife ұйымы үйректердің қырылуының нақты себебін анықтай алмайтынын, себебі өлекселер сараптамаға түспегенін хабарлады.

Неге бассейн қайтадан жасыл түске енді

Мамандар балдырлардың қарқынды көбеюіне қара түстің әсері болуы мүмкін екенін айтады. Қара жабын жарықты көбірек сіңіріп, судың қатты қызуына және балдырлардың көбеюіне қолайлы жағдай туғызады.

Соңғы күндері жұмысшылар балдырлардың көбеюін тоқтату үшін бассейнге сутегі тотығын құйып жатыр. Алайда сарапшылар бұл заттың бояу қабатына да әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Мерейтой алдындағы жаңа жөндеу

Трамп бассейндегі судың бір бөлігі тағы да 4 шілдеге дейін немесе кейін төгілетінін, содан соң күрделі жөндеу жүргізілетінін мәлімдеді. Жұмыстың ауқымы мен құны әлі жарияланған жоқ.

Осылайша, АҚШ-тың 250 жылдық мерейтойының символдарының бірі болуы тиіс нысан салтанат шара басталмай тұрып-ақ саяси және экологиялық дауға айналды.

Еске сала кетейік, АҚШ-та малды тірідей жейтін қауіпті паразит көбейіп жатыр.