Трампқа Илона Маскты АҚШ-тан шығарып жіберуге кеңес берілді

Фото: nbcnews.com видеосынан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінде Ақ үйде аға кеңесші болған Стив Бэннон соңғы айларда Маскпен қақтығысып қалған еді. Ол бейсенбі күні Маскқа қатысты бірқатар мәселелер бойынша тергеу жүргізуді және оның барлық мемлекеттік келісімшарттарын тоқтатуды ұсынды.

— Оның иммиграциялық мәртебесін ресми тексеру керек, өйткені мен оны заңсыз мигрант деп санаймын және оны елден дереу депортациялау қажет деп есептеймін, — деді Бэннон The New York Times газетіне берген сұхбатында.

NBC News атап өткендей, Дональд Трамп пен Илон Маск арасындағы шиеленіс жеке айыптаулар мен қоқан-лоқыларға ұласты.

Қақтығыс АҚШ президентінің Tesla компаниясының бас директоры Конгрестегі республикашылардың заң жобасын сынағанына жауап ретінде басталып, кейін әлеуметтік желілердегі айыптаулар легіне айналды.

— Мен қатты ренжідім, өйткені Илон бұл заң жобасының ішкі механизмдерін жақсы білетін. Мен оған көп қолдау көрсеттім, сондықтан оның бұл әрекеті көңілімді қатты қалдырды, — деді Дональд Трамп.

Трамптың айтуынша, Масктың ашу-ызасы заң жобасында электромобильдер сатып алуды ынталандыруға арналған салықтық жеңілдіктердің қысқартылуына байланысты туындаған.

— Илон ренжіді, өйткені біз электромобильдерге субсидияларды шектейтін талап енгіздік. Бұл электромобильдер өндірушілері үшін үлкен соққы болды. Олар бізден миллиардтаған доллар көлемінде субсидия талап етеді. Илон мұны әу бастан білді, — деді Трамп.

Tesla — АҚШ-тағы ең ірі электромобиль өндіруші компания. Соңғы айларда компанияның сатылымы төмендеді, бұл жаһандық бәсекелестіктің күшеюі мен Масктың саяси белсенділігіне байланысты кері әсердің белгісі. Жылдың басынан бері Tesla акциялары 20 пайыздан астам арзандады.

— Егер мен болмасам, Трамп сайлауда жеңілер еді, демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алар еді, ал Сенатта республикашылардың артықшылығы 51-49 болар еді. Бұл — нағыз рақметсіздік, — деді Илон Маск.

Трамп болса Truth Social желісінде Маскты «есі ауысқан» деп атап, федералды үкімет Масктың компанияларымен жасалған миллиардтаған долларлық келісімшарттарды бұзу мәселесін қарастырып жатқанын айтты.

Қақтығыс барысында Трамп: «Мен Илонның менен теріс айналғанына ренжімеймін, бірақ ол мұны әлдеқашан жасауы керек еді», — деді.

Көп ұзамай Маск әлеуметтік желіде Трамппен күресте жеңіске жететінін және президентке импичмент жариялап, оның орнына Джей Ди Вэнсті қою керек екенін жазды. 

Бұған дейін Илон Маск Дональд Трамптың заң жобасын ашық сынға алған болатын.

Трамп пен Масктың жария қақтығысынан кейін олардың акциялары құнсызданды.