АҚШ Капитолийінің полициясы Конгресте өткен баспасөз мәслихатында Трамп пен вице-президент Джей Ди Вэнсті қызметінен шеттету қажет екенін мәлімдеген әскери қызметкер Джейсон Уотсонды қамауға алды.
Іс-шараны Конгресте Трампқа импичмент жариялау идеясын қолдап жүрген «Импичмент үшін коалиция» ұйымы ұйымдастырды. Оған Техас штатынан сайланған демократ, Өкілдер палатасының мүшесі Эл Грин де қатысты. Ол бұған дейін бірнеше рет АҚШ президентіне импичмент жариялау туралы бастама көтерген болатын.
— Мен бүгін осында Эл Гринмен бірге келдім. Өйткені ол — импичмент туралы баптарды дауысқа салуға батылдық танытқан Конгрестегі жалғыз мүше. Егер Конгресс оның бастамасын қолдағанда, Трамп әкімшілігін толық құрамымен биліктен шеттетуге болар еді. Алайда Конгресс әлі күнге дейін өзінің анты мен міндетінің маңызын толық түсінбей отыр. Сондықтан біз оларды үздіксіз әрі ымырасыз азаматтық қарсылық арқылы әрекет етуге мәжбүрлеуіміз керек, — деді Джейсон Уотсон.
Капитолий полициясының мәлімдемесінде Конгресс мүшесі қатыспаған жағдайда Капитолий баспалдағы маңында демонстрация өткізуге заң бойынша тыйым салынатыны айтылған.
Полиция Джейсон Уотсонды «адамдардың жиналуына, қозғалысқа кедергі келтіруге және қоғамдық қолайсыздық туғызуға» байланысты айыппен ұстады.
АҚШ әскери қызметкерлеріне қарапайым азаматтарға қарағанда қатаң талаптар қойылады. Әскери әділеттің бірыңғай кодексіне сәйкес, офицерлерге президентке, вице-президентке, армия министріне, қорғаныс министріне, Конгреске және басқа да бірқатар лауазымды тұлғаларға тіл тигізуге немесе қорлайтын мәлімдемелер жасауға тыйым салынған.
— Әскери қызметшілер мінез-құлыққа және әскери форманы киюге қатысты барлық заңдар мен ережелерді сақтауға міндетті. Әуе күштерінің барлық жеке құрамынан қызметте де, қызметтен тыс уақытта да тәртіп пен кәсібиліктің ең жоғары стандарттарын ұстану талап етіледі, — деп мәлімдеді бейсенбі күні АҚШ Әуе күштерінің өкілі.
Барлық әскери қызметкерлерге, оның ішінде Әуе күштерінің өкілдеріне әскери формада саяси қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Джейсон Уотсон Трамп пен Вэнсті Венесуэла мен Иранға қатысты әкімшілік саясаты үшін сынға алды. Оның айтуынша, бұл әрекеттер «Конгрестің өкілеттігін Конституцияға қайшы түрде иемдену және Әскери өкілеттіктер туралы заңды бұзу» болып саналады.
— Бұл заңбұзушылықтардың салдарынан 13 әскери қызметкер қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Осы үшін президент пен вице-президентке импичмент жарияланып, олар кінәлі деп танылып, қызметінен шеттетілуі тиіс, — деді Джейсон Уотсон.
Сондай-ақ ол әкімшіліктің иммиграциялық саясаты мен қолданған тәсілдерін Конституцияға қайшы деп атады.
Бұған дейін, биылғы 5 наурызда АҚШ-тың бұрынғы теңіз жаяу әскері Конгресте Ирандағы соғысқа қарсы наразылық білдіргеннен кейін ұсталған болатын. Бұл туралы NBC News хабарлаған.
Оқиға АҚШ Сенатының Қарулы күштер жөніндегі кіші комитетінің тыңдауы кезінде болған.
Солтүстік Каролина штатынан АҚШ Сенатына Жасылдар партиясы атынан үміткер болып отырған 44 жастағы әскери қызметкер Брайан Макгиннис тыңдау барысында «Ешкім Израиль үшін соғысқысы келмейді!» — деп айқайлаған.
— Мен Вашингтонға Сенаттың әрекетіне қарсылығымды білдіру үшін келдім. Неліктен олар біздің ерлер мен әйелдерді өлімге аттандырмақ, ал сайланған өкілдеріміз дүниежүзілік соғыс болмайды деп уәде берген еді? Үкіметімізден көңілі қалған, өзін сатқындыққа ұшырадым деп санайтын кез келген адамға айтарым — сіз жалғыз емессіз. Бізге қосылыңыздар, осы сатқындық үшін әділдік талап етіңіздер, — деді ол сәрсенбі күні таңертең X әлеуметтік желісінде жариялаған бейнеүндеуінде.
Капитолий полициясының мәлімдемесінде Макгиннис «тыңдау кезінде заңсыз наразылық акциясын бастап, өзгелердің қауіпсіздігіне қатер төндірген, полиция қызметкерлерінің оны залдан шығаруына белсенді қарсылық көрсеткен» адам ретінде сипатталған.
— Конгресс ғимараттарында наразылық акцияларын өткізуге тыйым салынған. Капитолий аумағында демонстрация өткізуге рұқсат етілген басқа орындар жеткілікті, — деп мәлімдеді полиция.
Брайан Макгинниске полиция қызметкеріне шабуыл жасау бойынша үш, қамауға қарсылық көрсету және заңсыз демонстрация өткізу бойынша тағы үш айып тағылды.
Бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ тарапынан Израильге көрсетілетін қаржылық қолдауды тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол ел экономикасы қазір Американың қолдауынсыз өмір сүре алатындай күшті екенін алға тартты.