Трампқа қатысты қастандық әрекеті: ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Фото: Wikipedia

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы Флорида штатының соты Дональд Трампқа қатысты қастандық әрекеті үшін 59 жастағы Райан Рутты өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. 

Бұл оқиға 2024 жылдың 15 қыркүйегінде Уэст-Палм-Бич қаласындағы Trump International Golf Club гольф клубында болды.

Сол кезде АҚШ Құпия қызметінің агенті талдың арасынан атыс қаруының ұңғысын байқап қалып, жасырынып тұрған Рутқа қарай оқ атқан. Осыдан кейін күдікті оқиға орнынан қашуға тырысқанымен, көп ұзамай ұсталды. 

Райан Рут 15 қыркүйекте ұсталып, 25 қыркүйекте оған ресми түрде айып тағылды. Сотта ол бес федералдық бап бойынша, яғни федералдық қызметкерге шабуыл жасау, сондай-ақ қаруға иелік ету бойынша бірнеше заң бұзу дерегінде кінәлі деп танылды.

Рут бұл айыптаулардың ешқайсысын мойындамаған. Оның адвокаты Мартин Росс үкімге қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді. 

— Ол бірнеше ай бойы сол кездегі президенттікке үміткер Трампты өлтіруді жоспарлады. Өзіне кедергі келтіретін кез келген адамның өмірін қиюға дайын болды. Содан бері өзінің әрекетіне өкініш те білдірген жоқ, — деп жазды судья Айлин Кэннон үкім шығару меморандумында.

Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылы қыркүйекте қайтадан президенттікке үміткер болған Трампқа кезекті мәрте қастандық әрекеті анықталды

Еске сала кетейік, 2024 жылы шілдеде АҚШ-тың Пенсильвания штатында сайлауалды акция кезінде Дональд Трампқа қастандық жасалғанын хабарлаған едік

Автор: Аружан Жәнәділ