Трамппен жұмыс істеуді көптен бері армандадым - Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы Кэти Захария қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет журналистер алдына шықты. Ол АҚШ президенті Дональд Трампқа сенім білдіргені үшін алғыс айтып, оның командасында жұмыс істеуді бұрыннан қалағанын жеткізді, деп хабарлайды Associated Press агенттігі.

Фото: eurointegration

Захарияның алғашқы брифингі шамамен 14 минутқа созылды. Ол алдымен кіріспе мәлімдеме жасап, кейін үш бұқаралық ақпарат құралы өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Ақ үйдің жаңа баспасөз хатшысы ретінде президент Трамп пен Америка халқына қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Мен онымен жұмыс істеуді көптен бері армандадым, – деді Кэти Захария.

Ол бірнеше күн бұрын Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған. Бұған дейін Trump Media & Technology Group компаниясында коммуникациялар жөніндегі кеңесші болып жұмыс істеген. Сондай-ақ АҚШ-тың консервативтік бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастық орнатқан.

Брифинг барысында Захария президенттің саяси күн тәртібін қоғамға жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Дональд Трамптың өзі әлі де «өзінің ең үздік баспасөз хатшысы» болып қала береді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақ үйдің бұрынғы баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт отбасына көбірек уақыт бөлу үшін қызметінен кететінін мәлімдеген болатын. Ол бұл лауазымға тағайындалған кезде АҚШ тарихындағы ең жас Ақ үй баспасөз хатшысы атанған еді.