Трампты Ресейге шақырдық – Лавров
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге келу туралы шақырту алды. Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Ресейдің сыртқы істер ведомствосының басшысы бұл ұсыныс екі ел басшыларының Аляскадағы кездесуінде айтылғанын жеткізді.
- Өздеріңіз білетіндей, оған шақырту жіберілді. Аляскада болған кездесудегі баспасөз-мәслихатында Путин Трамптың шақырылатынын растады. Дональд Трамп болса, егер қателеспесем бұған қызығушылық танытты, - деді Лавров.
Айта кетейік, Дональд Трамппен Аляскадағы кездесуінің қорытындысы бойынша өткен бірлескен баспасөз-мәслихаты барысында Владимир Путин келесі кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынды. Трамп оның өте қызықты ұсыныс екенін айтты және оның болу мүмкіндігін жоққа шығармады.
Осыған дейін Ресейдің Аляска саммитінен кейін Трамптың жауап сапарын күтетіні туралы жаздық.