Сапар барысында АҚШ пен Қытай көшбасшылары сауда, Иран мәселесі, Тайвань төңірегіндегі шиеленіс және екі ел арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың жаңа форматын талқылады. Алайда сырттай достық сипатта өткен кездесулердің астарында әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы күрделі бәсекелестік сақталып отыр.
Тоғыз жылдан кейінгі тарихи сапар
Трамп Бейжіңге 13 мамыр кешінде келді. Келесі күні Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин оны Халық жиналысы үйінде ресми қарсы алып, екі ел басшылары кеңейтілген форматтағы келіссөз өткізді.
Бұл сапардың символдық маңызына ерекше көңіл бөлінді. Екі лидер Бейжіңдегі 600 жылдан астам тарихы бар Тяньтань ғибадатханасына (天坛) барып, Циняньдянь (祈年殿) алдында бірге суретке түсті. Сол күні кешке Қытай тарапы америкалық делегация құрметіне салтанатты қабылдау ұйымдастырды.
15 мамыр таңертең Трамп пен Си Цзиньпин Бейжіңдегі Чжуннаньхай резиденциясында шағын құрамда тағы бір кездесу өткізді. Қытай мемлекеттік БАҚ-тарының мәліметінше, көшбасшылар бақ ішінде серуендеп, бейресми форматта пікір алмасты.
БАҚ мәліметіне қарағанда, Трамп бақтағы раушан гүлдерін мақтап, олардың ерекше әдемі екенін айтқан. Өз кезегінде Си Цзиньпин Ақ үйдегі раушан бағына арнап раушан тұқымдарын сыйлауға дайын екенін жеткізген.
Сауда келісімдері туралы мәлімдеме және нақты детальдардың болмауы
Трамп сапар қорытындысын «өте табысты» деп бағалады.
- Біз көптеген оң нәтижеге қол жеткіздік. Си Цзиньпинмен өте тамаша сауда келісімдеріне келдік. Басқалар шеше алмаған көптеген мәселені шештік, - деп келтіреді «Ляньхэ Цзаобао» газеті АҚШ президентінің сөздерін.
Алайда Трамп нақты қандай келісімдер жасалғанын ашып айтқан жоқ.
Fox News арнасына берген сұхбатында ол Қытайдың америкалық Boeing компаниясынан 200 ұшақ сатып алуға келісім бергенін мәлімдеді. Бірақ бұл көрсеткіш нарық күткен көлемнен әлдеқайда төмен болды. Бұған дейін сарапшылар Қытай әуе компаниялары 500-ге дейін Boeing 737 MAX ұшағына тапсырыс беруі мүмкін деген болжам айтқан еді.
Қытай тарапы бұл мәліметті ресми түрде нақтылаған жоқ.
Иран және Ормуз бұғазы мәселесі
Кездесулер барысында Трамп пен Си Цзиньпин Иран мәселесін де талқылады. Трамптың айтуынша, екі тарап та Иранның ядролық қаруға ие болмағанын қалайды. Сонымен бірге тараптар Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасының сақталуын маңызды деп есептейді.
Ақ үй жариялаған мәлімдемеде Қытайдың Ормуз бұғазының «әскери сипат алуына» қарсы екені және теңіз жолы арқылы өтуге ақы енгізу идеяларын қолдамайтыны атап көрсетілген.
Сонымен қатар Бейжің АҚШ мұнайын көбірек сатып алу мүмкіндігін қарастырып отырғанын білдірген. Бұл Қытайдың Таяу Шығыстағы энергетикалық тәуелділікті азайту стратегиясымен байланысты болуы мүмкін.
Трамптың сөзінше, Си Цзиньпин Иран мәселесінде Вашингтонға көмек көрсетуге дайын екенін де жеткізген.
Тайвань мәселесі және «қақтығыс» туралы ескерту
Сапардың ең маңызды және күрделі тақырыптарының бірі Тайвань мәселесі болды.
14 мамырдағы алғашқы ресми келіссөз кезінде Си Цзиньпин Тайвань мәселесінде АҚШ-қа осы уақытқа дейінгі ең қатаң ескертулердің бірін жасағаны айтылып жатыр.
Қытай лидері бұл мәселе дұрыс басқарылмаса, Қытай мен АҚШ арасын «қақтығысқа немесе тіпті соғысқа» алып келуі мүмкін екенін ескерткен.
Трамп өз кезегінде Қытайға құрметпен қарайтынын айтып, Си Цзиньпинді «ұлы көшбасшы» деп атады.
Бірақ қызығы сол – Ақ үйдің ресми қорытынды хабарламасында Тайвань мәселесі мүлде аталмады. Вашингтон келіссөздердің негізгі назарын сауда мен Иран тақырыбына аударған.
Ал Қытайдың «Синьхуа» агенттігі жариялаған ресми ақпаратта, керісінше, Тайвань мен сауда мәселелері кеңінен қамтылып, Иран төңірегіндегі нақты талқылаулар көрсетілмеген.
Бейжің ұсынған жаңа формула
Қытай тарапы бұл сапарды «тарихи әрі символдық маңызы жоғары оқиға» деп бағалады.
Си Цзиньпин келіссөздер барысында Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматын ұсынды. Ол «Қытай-АҚШ конструктивті стратегиялық тұрақтылық қатынастары» тұжырымдамасын жариялап, оның негізіне төрт қағидатты енгізді:
- ынтымақтастыққа басымдық беру
- бәсекелестікті бақылауда ұстау
- қайшылықтарды басқару
- бейбіт болашаққа ұмтылу.
Қытай лидері екі тарап осы қағидаттарға қатысты ортақ түсіністікке келгенін айтты.
Жылы кадрлар артындағы салқын бәсеке
Бейжіңдегі кездесулер сырттай жылы әрі достық атмосферада өткенімен, АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық бәсекелестік күрт тоқтамағаны байқалады.
Тайвань мәселесі, технологиялық санкциялар, сауда теңгерімі, Таяу Шығыс пен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ықпал үшін күрес – осының бәрі екі державаның қарым-қатынасын күрделендіріп отыр.
Сондықтан Трамптың бұл сапары екі ел арасындағы шиеленісті толық жоймаса да, кемінде диалог арналарын сақтап қалуға бағытталған дипломатиялық қадам ретінде бағаланып жатыр.