Трамптың тарифтік саясаты АҚШ-қа 50 млрд доллардан астам қосымша кіріс әкелді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың агрессивті тарифтік стратегиясы ел бюджетіне 50 млрд доллар көлемінде қосымша кедендік түсім түсірді.
АҚШ Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында кедендік түсімдер 64 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 млрд долларға артқан. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы рекордтық деңгей болып отыр. Бұл туралы Financial Times (FT) басылымы хабарлады.
Сауда соғысының ушығуынан бері өткен төрт ай ішінде тек Қытай мен Канада Трамп енгізген жаһандық баж салығына елеулі қарсы шаралар қабылдады.
Ал әлемдегі ең ірі сауда блогы — Еуропалық одақ қарсы баж салығын әзірлегенімен, оны енгізуді кейінге шегеріп отыр. Брюссель 1 тамызға дейін Вашингтонмен сауда келісіміне келуге ниетті.
Кей сарапшылардың пікірінше, қарсы шаралардың болмауы Трамптың ұстанымын нығайта түскен. Президент кедендік кірісті өзінің саудадағы қатаң саясатының нәтижесі ретінде көрсетуде. Оның одақтастары бұл саясат өзге елдерді келіссөз үстеліне әкелуге ықпал етті деп есептейді.
Дегенмен сарапшылардың бір бөлігі бұл саясаттың әлемдік сауда мен дипломатиялық қарым-қатынасқа ұзақ мерзімді кері әсері болуы мүмкін екенін ескертуде.
Бұған дейін Трамп 150-ден астам елден келетін импортқа 10–15% көлемінде жаңа баж салығын енгізу жоспарын жариялаған болатын.