Қазақстандық саясаттанушы Рүстем Мұстафиннің пікірінше, жолдаудың мазмұны, оны жеткізудің жоғары деңгейі және стратегиялық әріптестікті жалғастыруға басымдық берілуі Вашингтонның Астанамен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін көрсетеді.
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы диалог екі елдің қарым-қатынасын тарихтағы ең жоғары деңгейге шығарды.
– Жолдау 12 қыркүйекте, 16 желтоқсанға 95 күн қалғанда, АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гордың Нью-Делиде Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі кезінде табысталды. Хатта Дональд Трамп «кеңейтілген стратегиялық әріптестікті жоғары бағалайтынын» айтып, одан әрі жұмысты өзінің қазіргі президенттік мерзімімен байланыстырған. Мұнда айқын саяси сигнал бар. Жолдауды жеткізудің жоғары деңгейдегі арнасы таңдалған, Қазақстан Президентіне де жеке сипаттама берілген және ынтымақтастықты жалғастыру ниеті де анық. Әр деталь жеке алғанда дипломатиялық сыпайылықтың бір көрінісі болуы мүмкін. Алайда жалпы алғанда, Ақ үйдің Астанамен тікелей байланысты сақтауға және бұған дейін басталған уағдаластықтарды бекітуге ұмтылысын көрсетеді, – дейді сарапшы.
Сонымен бірге, Ақорданың ресми хабарламасын еске салды. Оған сай, Президент Тоқаев Трампты Қазақстанға келуге шақырған. Өйткені, 2026 жылғы желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде екіжақты күн тәртібін Қазақстанда талқылау жоспарланып отыр.
– Сондықтан бұл құттықтауды мазмұны жағынан хаттамалық, ал қызметі тұрғысынан саяси сипаттағы қадам ретінде бағалау керек, – дейді сарапшы.
Одан бөлек, маман Дональд Трамптың Қасым-Жомарт Тоқаевты «мықты әрі батыл көшбасшы» деп сипаттағанына тоқталды.
Сарапшының айтуынша, Трамптың дипломатиялық риторикасында елге берілетін баға көбіне шешім қабылдай алатын және уағдаластықтардың орындалуын қамтамасыз ететін көшбасшының бағасымен байланыстырылады.
Рүстем Мұстафин осыған ұқсас сипаттама 2025 жылғы 6 қарашада Вашингтонда өткен C5+1 форматындағы кездесуде де айтылғанын еске салды. Сол күні Қазақстанға ықтимал сапары туралы сұраққа жауап берген Трамп Тоқаевты екі рет көрнекті президент деп атап, елге келу мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Осы мәндегі пікірдің жазбаша жолдауда тағы қайталануы Трамп ұстанымының нық екенін көрсетеді.
Сарапшы Вашингтон үшін серіктестік болжамдылығы аса маңызды екенін атап өтті. Қазақстан Ресей және Қытаймен тығыз экономикалық әрі инфрақұрылымдық байланыстар жағдайында күрделі шешімдер қабылдап, сонымен қатар АҚШ және Еуропалық одақпен байланыстарын кеңейтіп келеді. Оның бағалауынша, барлық тараппен жақсы әрі тұрақты қарым-қатынасты сақтай білу сыртқы саясаттың сауаттылығын білдіреді.
Спикер қосымша фактор ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыртқы істер министрі және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметтерін атқарған ұзақ жылғы дипломатиялық тәжірибесін атады. Оның айтуынша, мұндай кәсіби тәжірибе бірнеше ірі державаның мүддесін қатар ескеруді қажет ететін мәселелерде дұрыс шешім қабылдауға әсер етеді.
Сонымен қатар, Мұстафиннің пікірінше, президенттер арасындағы хат алмасуда мұндай тұжырымдар ең алдымен жеке диалог үшін қолайлы негіз қалыптастырып, қол жеткізілген уағдаластықтардың саяси маңызын арттырады. Серіктестік мәртебесін көпшілік алдында мойындау өзара сенімді нығайтып, жоғары деңгейдегі байланыстардың жалғасу мүмкіндігін арттырады.
Саясаттанушы Қазақстанды АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі қалай қабылдайтынына да тоқталып, Вашингтон елімізді Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Бұған Қазақстан экономикасының ауқымы, ресурстық әлеуеті, географиялық орналасуы және салыстырмалы түрде кең шарттық-құқықтық базасы негіз болады.
Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның жиынтық жалпы ішкі өнімінің 60%-дан астамын және өңірдің АҚШ-пен саудасының шамамен 75%-ын қамтамасыз етеді. «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік» формуласы 2018 жылғы қаңтарда президенттердің бірлескен мәлімдемесінде бекітілген. Сонымен бірге, сарапшы екі ел арасында әскери-саяси одақ жоқ екенін атап өтті. Сондықтан бұл термин, оның пікірінше, салалар арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі мен тұрақты саяси диалогты білдіреді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында құттықтау хатын жолдады.