Транскаспий бағыты Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығының өзегіне айналды

АСТАНА. KAZINFORM- – Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Тараптар екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Грузия арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен оны нығайту перспективалары, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды.

Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударды. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашу жөніндегі бірлескен жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар алдағы екіжақты іс-шараларға, соның ішінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық мәселелері, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту жолдары қарастырылды.

Осыған дейін Қазақстан мен Грузия интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтетіні туралы жаздық.