Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев «New Silk Way» халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумының ашылуында айтты.
Веодмство басшысы Транскаспий дәлізінің маңызы артқандықтан, Қазақстан оның бойындағы өзіне қарасты нысандардың қуатын арттыруға көшкенін мәлім етті.
«Қазақстанның Ляньюньган портында орны бар. Қазір Сиань қаласында жаңа құрғақ порт салып жатырмыз. Жүк осы екі нүктеде жиналады. Одан әрі Қорғас құрғақ порты бар. Ол жерде Қытайдың да үлесі бар. Маршрут Қорғастан Ақтау бағытына кетеді. Ол жақта жалпы жиынтық қуаты 20 млн тонна жүк қабылдауға қауқарлы екі порт бар – Ақтау және Құрық порттары. Одан өткен жүк Каспий теңізіне өтіп, Әзербайжан мен Грузия арқылы Еуропаға жетеді. Транскаспий халықаралық көлік маршруты қазір маңызды дәлізге айналып келеді. Бұл дәліз арқылы өтетін жүктің көлеміне қарасаңыз соны түсінесіз. 2021 жыл мен 2022 жылдың қорытындысын салыстырсақ, дәлізді пайдалану көрсеткіші екі есе артқан», - деді ол.
Марат Қарабаевтың мәліметі бойынша, жыл басынан дәліз арқылы тасымалданған жүктің көрсеткіші 2022 жылдың көрсеткішінен 84 пайыз асып кеткен.
«Сөз жоқ, бұл маршрутты дамытуда Әзербайжан мен Грузиядағы салалық министрліктермен үйлесімді жұмыс маңызды рөл атқарады. Сондықтан былтыр кедергілерді жоюға бағытталған тиісті жол картасына қол қойылды.
Жалпы Транскаспий дәлізін дамытып, Қазақстанның мультимодальдік (бір келісімшарт негізінде жүкті су, әуе, құрлық жолдары сияқты түрлі тәсілмен діттеген жерге жеткізу – ред) тасымал қуатын кеңейту бағытында бірнеше инфрақұрылымдық жоба қолға алынған.
Былтыр Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды. Бұл жүк өткізу қабілетін 5 есе, тасымал жылдамдығын 1500 шақырымға дейін көбейтеді.
Дарбаза-Мақтарал айналма теміржол желісінің құрылысы басталып жатыр. Бақты-Аягөз бағытында бір жаңа жоба бар. Бізде қазір екі ірі теміржол өткізу бекеті бар. Жүк айналымының жиынтық қуаты 28 млн тоннаға шақталған. Биыл ондағы жүк айналымы 27 млн тоннаға жететін түрі бар. Яғни, қазір Қытайдан келген жүкті қабылдайтын үшінші бекет ашу өте маңызды болып тұр. Осы тұрғыдан алғанда Бақты-Тачен бағытында салынып жатқан, жүк айналымы 20 млн тонналық жаңа теміржол бекеті ең өзекті нысан болып отыр.
Құрық, Ақтау порттарының қуатын да арттыру қажет. Бақты-Тачен бағытындағы жаңа теміржол өткізу бекетінде жаңа құрғақ терминал салу керек. Онымен қоймай, қазір қолданыстағы теміржол өткізу бекеттерінің қуатын арттыру көзделіп отыр. Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту аясында осындай жобалар іске асады», - деді министр.