Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Болгария порттарын қосу мәселесі қарастырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын қосу мәселесі қарастырылады. Бұл туралы Ақордада Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Бүгінгі келіссөздеріміз мазмұнды болды. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Атап айтқанда, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аудардық. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр. Бұл жақсы үдеріс. Елімізде 60-жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, елдеріміздің экономикалық әлеуеті бұдан әлде қайда жоғары. Сондықтан бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге мол мүмкіндік бар. Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе, мұнай-газ жаңартылатын энергия, жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гумаитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы көлік-логистика секторындағы байланысты дамыту мәселесіне назар аударылғанын айтты.
- Бүгінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізі стратегиялық сауда жолының біріне айналды. Осы дәлізге Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келістік. Бұл жұмысқа екі елдің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Мен комиссия аясында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсындым. Бұдан бөлек, Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алғанын жазған едік.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария мен Қазақстан арасында іскерлік кеңесі құрылатынын айтты.