Мемлекет басшысы экономикалық серіктестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық нарықтағы дағдарыс жағдайына қарамастан, экономикамыз біртіндеп қалпына келе бастағанын айтты. Сондай-ақ, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, Еуразия нарықтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының келешегі бар екенін жеткізді.
«Бұл мәселенің өзектілігі артып келеді. ТМД-ға мүше мемлекеттер қолда бар әлеуетті дамыту үшін бірлесіп жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, Иранға, Парсы шығанағы мен Үндістанға шығатын «Солтүстік - Оңтүстік» бағыты бойынша сауда-саттықты өркендету маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.