Бүгінгі таңда еліміздің медицина мамандары трансплантологиямен байланысты күрделі операцияларды жүзеге асыруға дайын. Бұл туралы бүгін трансплантология мәселесіне байланысты журналистермен болған баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық жәрдемді ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті.
Алматыда А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауырды трансплантациялау операциясы сәтті жүзеге асырылды. «Бүгінде операция жасалған азаматтар өздерін жақсы сезініп отыр. Сонымен қатар биыл Ұлттық кардиохирургиялық орталығы сол жақ асқазанды ауыстырды. Бұған қоса елімізде бүйректі трансплантациялау шаралары да жүзеге асырылуда. Осылайша адамның органдарын ауыстыру қазақстандық медицина үшін де жаңалық болудан қалды. Алайда бұл бағытта біздің жұмысымызға тежеу болып отырған бір мәселе бар. Ол органды донормен байланысты»,-деді А.Төлеғалиева.
Оның сөзінше, бүгінде әлемнің кез келген мемлекеті мұндай жоғары технологиялы операцияларды жүзеге асыра алмайды. «Ал бізде бұған қажетті құралдар да, мамандар да бар. Өкінішке орай, осы операцияларды жүзеге асыруға қажетті органдардың жоқтығы үлкен проблемаға айналып отыр. Сол себепті біз осы мәселені қалың көпшіліктің назарына жеткізуді жөн санап отырмыз»,-деді департамент директоры.