Трансшекаралық су-энергетикалық ресурстарды ұқыпты пайдалану - Орталық Азия елдеріндегі өзекті мәселе

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда су Орталық Азия елдері үшін өте маңызды шикізаттық ресурсқа айналып отырғандығы шындық. Ал барлық өзендерінің бастауын мемлекет шекарасынан тысқары жерден алатын Қазақ елі үшін оның маңыздылығын айтпасақ та түсінікті.

Мәселен, бастауын Тянь-Шань тауларынан алатын Сырдария өзенінің талай жылдан бері Қазақстанға келетін су деңгейі айтарлықтай төмендеп, Арал теңізінің бұрынғы жағалауынан қашықтауына түрткі болғандығы рас. Ал енді осы  өзен бастауына Қамбар ата-1 бөгеті салынса суының тартылмасына кім кепіл. Осы жайт бізді толғандырса, өзбек елін Тәжікстанның Рогун су электр стансысын салу алаңдатуда. Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен  кеңейтілген құрамда кездескеннен кейінгі бірлескен мәлімдеме жасаған Өзбекстан Президенті Ислам Каримов осы мәселеге өзінің зор алаңдаушылық танытып отырғандығын жеткізді.

Алдымен Рогун ГЭС-іне тоқталар болсақ, бұл станса Тәжікстандағы Вахш өзеніне салынып жатыр. Жобаға сәйкес, су электр стансасы құрылысына 335 метрлік тасты-үйінділі бөгет, тоннель, ГЭС-тің жерасты нысаны және трансформаторлар   ғимараты кіреді. Жобалық қуаты 3600 мВт-ты құрайды. Жылына орташа есеппен 13,1 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіретін болады. ГЭС бөгеті жалпы көлемі 13,3 текше шақырым, ал пайдаға асатын аумағын 10,3 текше шақырымды құрайтын ең ірі Рогун су қоймасын қалыпастыруы тиіс. Бұл су қоймасын электр энергиясын өндіруге, сонымен қатар құрғап қалған 300 мың гектар алқапты суландыру үшін пайдалану жоспарланған. Жобаның жалпы құны 2,2 млрд. долларға бағалануда.

Бұл ГЭС жобасы білгір мамандар тарабынан сын тезіне аз ұшыраған жоқ. Өйткені, ол сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанымен қатар топырағының сусып кетуі, сел жүру қаупінің жоғары болуы, қыртысының тасты тұзды болуы сынды факторлар ерекше орын алған аймақта салынуда. Ал 2010 жылдың 30 тамызында Қырғызстанда Қамбар ата-2 дамбасы салынған болатын. Құрылысы сонау КСРО заманында басталған бұл жоба Қырғыз елі тәуелсіздік алған 1991 жылы қаржы болмауы салдарынан тоқтап қалған еді. Ал осы дамбадан сәл жоғарырақ Қамбар ата-1 бөгеті алдағы уақытта бой көтереді. Міне осы жобалар Өзбек президентінің «басын ауыртып, балтырын сыздатып» отырғаны анық.  

Трансшекаралық су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен кездесу барысында жан-жақты талқыланғандығын атап өткен ол: «Ия, өзеннің жоғары сағасында тұратын Тәжікстан мен Қырғызстан трансшекаралық өзендер ағысын энергетикалық тұрғыда пайдалануға мүдделі. Бірақ, өкінішке орай олар Әмудария мен Сырдарияның трансшекаралық өзен екендіктерін естен шығарып алады. Өтінеріміз халықаралық нормалар мен ережелерді ұстаныңыздар, бұл үшін БҰҰ-ның төрт конвенциясы бар»,-  деді.

Өзбек Президентінің пайымынша, маңыз зор мұндай стратегиялық нысандардың құрылысын қолға алған кезде барынша ымыраластық керек. Олай болмаған жағдайда қауіпті қарсылықтар пайда болып, тіпті соғыс отының тұтанып кету қаупі де басым. Сондықтан да трансшекаралық өзендерге келгенде, яғни Әмудария мен Сырдария сағасында орналасқан барлық мемлекеттер ортақ келісімге келіп, әлемдік қоғамдастық шешімдерін басшылыққа алулары тиіс. Сондай-ақ жоғарыда аталған екі жоба да өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. Нақты айтқанда, 1000-1700 метрлік биіктікте салынып жатқан Рогун стансысы аумағында ай сайын жер сілкінісі тіркелетін болса, Қамбар ата-1 ГЭС-і аумағында соңғы 1 ғасырдың ішінде қуаты 8-9 баллдық жер сілкінісі 3 рет тіркелген. Ал оның қайталанбасына кім кепіл? Міне осы Қамбар ата ГЭС-іне ерекше тоқталған И.Каримов: «Егер осы дамба бұзылатын болса, онда оған бүгінде шамамен 19 млрд. текше метр су жинақталған Тоқтағұл су қоймасы қосылады. Міне осы масса кемінде 50-100 метрлік биіктіктен төмен құлдырап, толқын төмен түскенде, жолындағының бәрін жалмайды»,-  деді.

Сонымен қатар Өзбекстан президенті аталған су қоймасынан суды жіберу қыс уақытында жүзеге асырылып отырғандығына әрі бұл орайда Қызылорда аймағын топан су басатындығына қынжылыс білдірді.

«Бұл Рогун және Қамбар ата жобалары бір мезетте 70-80-ші жылдары жасалған болатын. КСРО құрамында өмір сүрдік, біздің барлығымыз гигантоманиямен зардап шектік. Дегенмен уақыт өзгереді, кемінде 40 жыл өтті. Бүгінде нормативтер мен стандарттар мүлдем бөлек. Бұл күндері гидротехникалық құрылғылар түбегейлі басқа негізде салынуы тиіс. Онда неге сараптама жүргізбеске?», - деді И.Каримов.

Шындығында да су мәселесі, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету өзекті жайтқа айналып келе жатыр.