TravelStan: жасанды интеллектіге негізделген мобильді қосымша әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда туристерге арналған TravelStan мобильді қосымшасын әзірлеу бастамасы көтерілді.
- Шетел туристерінің Қазақстанға келуі ақпарат іздеуден басталады. Цифрлық дәуірде олар қажетті қызметті, яғни әуе билеттерін, қонақ үйін, турларды онлайн сатып алады. Ал елге келгенде навигация үшін түрлі карта және саяхат сервисін қолданады. Министрлік туристің жол картасын зерттеп, оның бойындағы қызметтің шашыраңқы екенін анықтады. Бұған қоса, кейбір қызмет мүлде цифрландырылмаған. Мысалы, ұлттық парктер немесе музей-қорықтарға онлайн билет алу мүмкін емес, - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Осы орайда министр Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталында жалпы саяхатшыларға арналған қажетті ақпарат 8 тілде қолжетімді екенін тілге тиек етті.
- Оның ішінде туристік бағыттар, көрікті жерлер, оқиғалар туралы өзекті мәліметтерді ұсынады. Сонымен қатар виртуалды 3D турлар мен туристік операторлардың тізілімдері жарияланған. 2024 жылы порталға шамамен 700 000 адам кірді. Бұл оның саяхатшылар үшін басты навигатор ретіндегі маңыздылығын растайды. Алайда бүгінде туристке қызметтерді брондауға қажетті барлық сервисті біріктіретін бірыңғай экожүйе қарастырылмаған. Сондықтан TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді. Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектіге негізделген көмекші, - дейді ол.
Оның айтуынша, жаңа мобильді қосымша туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін құрал.
- Аталған жоба Цифрлық даму министрлігімен алдын ала келісілді. Енді оны қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Айта кетсек, былтыр елімізге әртүрлі мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген.
Сондай-ақ Үкімет отырысында елімізде қонақ үй жүйесіне реформа жүргізілетіні айтылды.
Одан бөлек, елімізде шаруаларға агротуризммен айналысуға рұқсат берілмек.