Травматикалық қаруды заңсыз сақтағандар үшін де жазаны қатайту қажет - Н. Нығматулин

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Травматикалық қаруды заңсыз сақтағандар үшін де жазаны қатайту қажет.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ішкі істер органдары туралы» заң жобасын мақұлдау барысында Палата спикері Нұрлан Нығматулин осылай мәлімдеді.

Жиын барысында талқыланып отырған заң жобасының маңыздылығына тоқтала келе, Мәжіліс Төрағасы қаруға, оны сақтауға қатысты мәселелерге ерекше назар аударды. «Бұл мәселе қызу талқыланды, мүдделі тараптар қатысты. Осы бизнес бойынша да мүмкіндігінше ашық әңгіме құрылды. Ешкім де бизнесті қыспақтап отырған жоқ. Дегенмен, мұндағы әңгіме олар тек травматикалық қару-жарақ сатумен ғана айналысатындай болып отыр. Ал аңшылық қаруларды, қысқа ұңғылы, газ қаруларын қайда қоямыз? Өйткені, травматикалық қарудың үлесі шамалы. Тағы бір басты мәселе: сосын не болады? Біз басқа елдерде не болып жатқанын жақсы білеміз. Бұны «жын құмырадан шықты» деп те айтып жүр, алайда енді сол құмыраға қалай жақындау керектігін білмей отырған елдер де баршылық», - деді Нұрлан Нығматулин.

Сондықтан да спикер, қазақстанның сол жолмен жүруіне болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, статистика тек 100-дің 19-ында ғана травматикалық қарудың қорғану мақсатында қолданылатынын көрсеткен. Керісінше, мыңдаған жағдайларда травматикалық қару қарақшылық шабуылда, азаматтардың өміріне қауіп төндіре отырып, қолданылған.

«Логикалық тұрғыдан травматикалық қаруды заңсыз сақтағаны үшін жазаны қатайту жолында тоқталып қалмауымыз керек деп санаймын», - деді Мәжіліс Төрағасы