«Трэвел-экспресс» қызметкерлеріне шабуыл жасағандар ұсталды - Алматы ІІД

None
АЛМАТЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Жедел іздеу шараларының барысында полицейлер шамамен бір ай бұрын «Трэвел-экспресс» компаниясының қызметкерлеріне шабуыл жасаған екі ер адамды ұстады, деп хабарлады қаланың ІІД.

Осыған дейін хабарланғандай, 26 қыркүйекте Алматыда Сәтпаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында белгісіз қаруланып алған ер адамдар «Трэвел-эксперсс» компаниясының екі қызметкеріне шабуыл жасаған. Ол уақытта қызметкерлердің өздерімен бірге ірі ақша сомасын алып келе жатса керек. Салдарынан қызметкерлердің бірі сол жерде жан тапсырып, екіншісі жарақаттанып, ауруханаға жатқызылды.

Екі қызметкер де «Трэвел-экспресс» компаниясының ішкі қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген. Алайда олардың ақшасы ұрланбаған.

Шабуыл жасағандардың бірі Алматыда, екіншісі Алматы облысының Боралдай ауылынан ұсталды. Оларды ұстау кезінде екі пистолет тәркіленді.

Өз қылмыстарын ер адамдар мойындады. Оларға қатысты 96-баптың 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.