Триатлоннан Азия кубогына қатысатын қазақстандық спортшылар белгілі болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның триатлоннан бас бапкері Дандыбай Әлімбаев 4-5 тамызда Алматыда өтетін Азия кубогындағы біздің команданың құрамы мен міндеті жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрама тәлімгерінің айтуынша, триатлоннан Азия кубогына Қазақстаннан 8 ер адам мен 5 әйел қатысады. Олар: Ашраф Камалова, Надежда Бекмағанбетова, Анастасия Автушко және Карина Шульгина, сондай-ақ, Алматы құрамасына кандидат қыз бар. Ерлер арасында Аян Бейсенбаев, Дарын Қонысбаев, Семен Пивоваров, Максим Крят, Темірлан Теміров, Мейірлан Ысқақов, Александр Артушко және Санжар Косарев болады.

Бас бапкердің айтуынша, біздің командалар бұл жарысты дайындықтың кезекті кезеңі ретінде қарастырады. Яғни спортшылардың қазіргі деңгейін анықтау үшін маңызды болып саналады. Әсіресе Олимпиада ойындарына түсуге қажет болатын жеке әлемдік рейтинг есебіне рейтингтік халықаралық ұпайларды жинау үшін қажет. 
Алматыдағы Азия кубогы құрлықтық Азия кубогы дәрежесіне ие болғандықтан, қатысушылар арасында тек Азия елдері ғана емес, сондай-ақ, Еуропа спортшылары да бар.

Бұл старттың әлемдік рейтингте ұпай жинауға мүмкіндік беретіні анық. Алматыдағы стартта кәсіби спортшыларда командалық есеп болмайды. Мұнда тек жеке есептің нәтижелері шығарылады. Әуесқойлар қашықтыққа өз беттерінше немесе команда құрамында шыға алады. 

4 тамызда 750 метр спринт қашықтықта 20 шақырым вело 5 шақырым жүгіруден жарыс өтеді. Оған кәсіпқой спортшылар қатысады. 16 елден 57 спортшы тіркелген. 5 тамызда кәсіпқойлар бұдан екі есе қашықтықта (1500 метр жүзу 40 шақырым вело 1 шақырым жүгіру) сайысқа түсетін болады. Мұндай қашықтық тек Олимпиада ойындарында болған. Бұған 16 спортшы мен 10 команда (әр командада 3 спортшыдан) тіркелді. 

«Өздеріңізге белгілі, Олимпиада ойындарында телекөрсетілімдерге басымдық беріледі. Қазіргі таңда осы жолғы олимпиадалық қашықтықты спринтерлік қашықтыққа дейін қысқарту мәселесін қарастырып отырмыз. Сондықтан кәсіби атлеттер спринтерлік те, олимпиадалық қашықтықта да жарысатын болады»,-деді Қазақстан триатлон федерациясының атқарушы директоры Асылжан Достияров.

Астанадағы кәсіпқой атлеттерге арналған Әлем кубогында олимпиадалық қашықтық болса, Алматыдағы жарыстар спринтерлік қашықтықта өтеді. 
Азия кубогын өткізу орны ретінде Алматыдағы Сайран көлі таңдалған. Ұйымдастырушылардың  айтуынша, көлдің суы халықаралық стандарттарға сай келіп, арнайы тексерістен өткізілді. Сондай-ақ, дәл қазір абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Әкімдік жағажайдағы құмды ауыстырып, 60 орындық орнатқан, жаңа урналар қойылған. Жол көлдің шығыс жағымен өтіп, демалушылар үшін уақытша жабылады. Көрермен трибуналары көлдің жағасына орнатылады.