Қаза тапқан жауынгерлерді іздеу шарасына соғыс ардагері, жазушы Қалмұқан Исабай ұйытқы болғанын айта кету керек. Қазақстанның Италиядағы Елшілігі жауынгерлер жерленген жерлер мен олардың аты-жөндерін анықтау жұмысын 4 жыл бойы жүргізіп келді, нәтижесінде осы құлпытас бой көтеріп отыр, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне ардагерлер Камали Дүйсембеков, Анатолий Огай, Оруш Тұрсынов және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Алмаз Хамзаев жауынгерлердің зираттарын іздеу және олардың аты-жөндерін анықтауда жан-жақты көмек көрсеткен, ескерткіш орнату үшін Триест әскери зиратынан жер бөлген итальян өкіметіне алғыс білдірді және бұл атаулы оқиғаның екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуда және өскелең ұрпақты тәрбиелеуде Италия үшін де, Қазақстан үшін де маңызды екенін атап көрсетті.
Қазақстан делегациясы сондай-ақ, Триест қаласындағы бұрынғы «Ризиера ди Сан Саба» нацистік концентрациялық лагерінің қабырғасында өткізілген мемориалдық митинге қатысты, нацистік режим құрбандарын еске алу ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.