Триполиде Каддафидің резиденциясы жермен-жексен етілді

АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Ливияға жасалған әуе шабуылының нәтижесінде Муаммар Каддафидің резиденцияларының бірі жермен-жексен етілді, деп хабарлады РБК агенттігі.

Ливия басшысының дала жағдайындағы баспасөз орталығынан 100 метрдей жерде орналасқан үшқабатты әкімшілік ғимарат өртке оранды, деп хабарлады британдық Sky News телеарнасы.

Ғимараттың қасбеті толық қирағаны айтылуда. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Британдық телеарнаның хабарлауынша, ғимараттың төңірегіне жиналған Каддафидің жақтаушылары, бұл соққы - коалиция «уәде еткен» бірінші шабуыл екенін мәлім етуде.

Бірақ та бұған дейін Пентагон өкілі вице-адмирал Билл Гортни, полковник М.Каддафидің сарайы коалицияның шабуылына ұшырайтын стратегиялық нысандардың тізіміне кірмейтінін мәлім еткен болатын.

Ұлыбритания Ливия аумағына шабуылды жандандырғаны хабарланып отыр: сүңгуір қайықтар ливиялық әуе қорғанысы күштеріне қарсы бірнеше «Томогавк» зымырандарын ұшырған. «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын орындау жөніндегі бірлескен операцияның аясында Ұлыбритания жерорта теңізіндегі «Трафальгар» сүңгуір қайығынан бірнеше «Томагавк» зымырандарын тағы да ұшырды», деп мәлім етті британ қорғаныс министрлігінің өкілі генерал-майор Джон Лоример.

Триполидегі оқиға, Ливия армиясы басшылығының атыс-шабысты дереу тоқтату туралы осының алдындағы мәлімдемесіне қарамастан, өрбіп отыр.