TRIPP жобасы Қазақстан мен Еуропа арасындағы байланысты күшейтеді – армян саясаттанушысы
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Қазақстаннан шығатын энергоресурстар Арменияның оңтүстік аймағы арқылы өтетін TRIPP транзиттік жобасы арқылы жеткізілуі мүмкін. Аталған бағыт Орта дәліздің әлеуетті буыны ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне армян саясаттанушысы, «Халықаралық коммуникацияларды дамыту институты» гуманитарлық қорының директоры Арман Гукасян мәлім етті.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан мен Армения бұл аймаққа айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Оның айтуынша, мұндай ынтымақтастықтың қалыптасуына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысты реттеуге қосқан маңызды үлесі де ықпал еткен.
– Армения транзиттік маршрутты дамыту бойынша түрлі инвестициялық ұсыныстарды қарастыруға дайын. Бұл мәселе биыл Армения Премьер-министрінің Қазақстанға сапары барысында екі ел басшылығы арасындағы маңызды тақырыптардың біріне айналуы мүмкін. Қазақстандық инвестициялар Еуразиялық экономикалық одаққа ортақ мүшелік пен екіжақты сенімді қарым-қатынастарды ескерсек, Армения экономикасының тұрақтылығын арттыра алады, – деді ол.
ЕАЭО аясындағы әріптестік туралы пікір білдірген А.Гукасян Армения экономикасының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп отырғанын, ал одақтан тыс балама бағыттың жақын уақытта көрінбейтінін атап өтті.
– Статистика экономикалық байланыстардың жоғары деңгейін айғақтайды. Армян ауыл шаруашылығы өнімдерінің 85 пайызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, соның ішінде Қазақстанға экспортталады. 2024 жылы Арменияның ЕАЭО-мен тауар айналымы 12–14 млрд доллар шамасында болды. Ал Еуропалық одаққа экспорт көлемі – 2,1 млрд доллар, бұл алты есе төмен көрсеткіш. Еуропа бағытына жедел диверсификация жасау екі себепке байланысты қиын. Атап айтқанда, логистиканың қымбаттығы және еуростандарттарға бейімделу үшін ұзақ уақыт қажет болуы. Мұның барлығы экономикалық көрсеткіштердің әлсіреуіне алып келуі мүмкін, – деді саясаттанушы.
Бұған дейін Қазақстандық бидайдың сапасы Арменияда жоғары бағаланатынын жазғанбыз.
Айта кетейік, Армения АҚШ-пен бірге TRIPP бағытын жалға алу мерзімін талқылап жатыр.