ТРК Деректі кино орталығы — кәсіби шыңдалу мектебі: Режиссермен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM — Президент телерадиокешенінің Деректі кино орталығы — тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бүгінгі реформаларға дейінгі еліміздің даму жолын таспаға түсіріп, тарихын хаттап келе жатқан шығармашылық ұжым. Орталықтың деректі жобалары мемлекет өміріндегі маңызды оқиғаларды, қазақстандықтардың тыныс-тіршілігін, еңбегі мен қызығушылықтарын кеңінен баяндайды. Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Деректі кино орталығының режиссері Алмат Жақсылық осы ерекше мамандықтың қыр-сыры жөнінде әңгімелеп берді.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Тарихты келер ұрпаққа аманаттау

Деректі кино орталығындағы еңбек Алмат Жақсылық үшін кәсіби тұрғыдан шыңдалатын үлкен мектепке айналды. Кейіпкеріміз бұл шығармашылық ұжымға2014 жылы келген. Деректі кино орталығы — Президент телерадиокешенінің өз өндірістік базасы. Мұнда фильм жасау процесі толығымен бір ұжымның ішінде жүзеге асады: идеяны іздеуден, сценарий жазудан бастап, дайын туындыны көрерменге ұсынуға дейінгі барлық кезең бір жүйеде атқарылады. Мұндай өндірістік цикл шығармашылық тұтастықты сақтап қана қоймай, әр кезеңдегі жұмыстың сапасын да жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.

Орталықтың бір жобасы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, күрделі тақырыптарды терең зерделесе, енді бірі — Қазақстанды өңірлердің тыныс-тіршілігі, шағын қалалардың өмірі, ғалымдар мен кәсіпкерлердің еңбегі, еріктілердің жанкешті қызметі арқылы танытады. Осылайша, деректі кино уақыттың тынысын дәл бейнелеп, адам тағдырын арқау еткен ел шежіресін қалыптастырады.

Дәл осы ортада, идея біртіндеп дайын фильмге айналатын жерде Алмат Жақсылық өз дамуына мүмкіндік беретін кеңістік таба алды — кәсіби мамандармен қатар жұмыс істеп, сабақ алып, фильм түсірудегі өзіндік авторлық қолтаңбасын қалыптастырды.

Деректі кино орталығының көптеген фильмдері мен арнайы жобалары халықаралық және республикалық фестивальдер бағдарламасына еніп, БАҚ және әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатады. Мұның бәрі — Президент Телерадиокешеніне тән шығармашылық қолтаңбаның нәтижесі.

— Осындай шығармашылық ұжымда еңбек ету — үлкен жауапкершілік. Өмір жолымда осындай әріптестер кездескеніне ризамын. Олар — өз ісінің нағыз шеберлері. Әрқайсысына бірге атқарған жұмысымыз үшін алғысым шексіз, — дейді режиссер.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Алмат Жақсылықтың айтуынша, өзара қолдау мен кәсіби ортадағы сенім шығармашылық ізденіске жігер беріп, алға жетелейтін басты күшке айналған.

— Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді. Бұрын ұжымда 250-300 адам еңбек етсе, бүгінде Президент Телерадиокешені заманауи технологиялармен және соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған ірі медиахолдингке айналды. Бұл қазір жай ғана телерадио ұйымы емес, кез келген деңгейдегі сапалы медиажоба жасауға мүмкіндік беретін қуатты өндірістік алаң, — дейді ол.

Дегенмен, режиссердің сөзінше, өзгермеген бір ғана құндылық бар. Ол — тарих алдындағы жауапкершілік. Осы жылдар ішінде режиссер мемлекет өміріндегі талай маңызды оқиғаның куәсі болды. Халықаралық келіссөздер, ресми сапарлар, маңызды құжаттарға қол қою рәсімдері — уақыт өте келе мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның тарихына айналады.

— Осындай түсірілімдерде жүргенде жай ғана бейнематериал емес, болашаққа қалатын тарихи құжат түсіріп жүргеніңді сезінесің. Жылдар, бәлкім ондаған жылдар өткен соң бұл кадрларды келер ұрпақ көретін шығар, — дейді Алмат Жақсылық.

Фото: Kazinform

Деректі киноға бастар жол

Алмат Жақсылықты әрдайым адамдар мен тағдырлар туралы хикаялар қызықтыратын. Журналистің отбасында дүниеге келген ол бала кезінен материалдардың қалай дүниеге келетінін бақылап өсті: әкесі сұхбат алып, кейіпкерлермен әңгімелесіп, үйге оқиғалар мен адамдар жайлы жанды әңгімелермен оралатын. Дәл осы орта оның деректі киноға қызығушылығы қалыптасқан алғашқы мектебіне айналды.

Тоғызыншы сыныптан кейін Алмат Қарағанды музыкалық колледжіне оқуға түсті. Музыка оның өмірінде әрдайым маңызды орын алатын. Алайда оның тағдырын шешкен сәт кинематографпен кездесуі болды: «Фавн лабиринті» фильмі оның мамандық туралы түсінігін түбегейлі өзгертіп, режиссер болғысы келетінін түсінген.

Деректі кино туралы ол әлі ойламаған еді, бірақ Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсетінін анық білді.
Шығармашылық емтиханда Алмат Қарағандыдағы зағип музыкант туралы жазған эссесі үшін ең жоғары ұпай алды.

— Бұл оқиға кездейсоқ таныстықтан туындаған еді. Ол адам маған соншалықты сенім артты, тіпті үйіне шақырып, отбасымен таныстырды және өзі туралы, қараңғы түнектегі әлемді қалай сезінетіні мен қабылдайтыны жайлы айтып берді, — деп еске алады режиссер.

Бұл кездесу А. Жақсылықтың өз жолын дұрыс таңдағанын сезінген маңызды кезең болды. Сол сәтте ол деректі кино ең алдымен адам тағдырынан бастау алатынын түсінді. Өйткені бір адамның тарихы арқылы белгілі бір уақыттың тынысын, дәуірдің бейнесін экранда сақтап қалуға болады. Мұнда асығыстыққа, үстірт қарауға немесе салғырттыққа орын жоқ.

Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

— Нағыз деректі фильм жай ғана оқиғаны баяндау емес. Бұл терең зерттеу, ұзақ бақылау, детальдар мен мағыналарды іздеу, шынайылықты білдіреді. Кейде фильмнің жасалуына қанша уақыт кететінін алдын ала болжау мүмкін емес: ойдағы нәтижеге дәл жеткенше түсіре бересің, — дейді режиссер.

Сондықтан Алмат Жақсылық өзінің кәсіби мұраттарының бірі ретінде деректі киноның үздік дәстүрлері қалыптасқан BBC мектебінде тағылымдамадан өтуді айрықша мақсаттарының бірі деп есептейді. Себебі бұл мектеп талай жылдан бері әлемдік деректі кино саласындағы шеберлік пен сапаның биік өлшеміне айналып келеді.

ЖИ киноны өзгертті, бірақ шындықты өзгерте алмайды

ТРК түсірілімдері мен архивтік материалдары негізінде жүздеген деректі және қысқаметражды фильмдер, ішкі саясат пен халықаралық күн тәртібіне, өңірлер тарихына, мәдениет пен әлеуметтік бастамаларға арналған арнайы жобалар жарық көрді.

Соңғы жылдардың өзінде сан мыңдаған сағаттық тарихи хроника түсіріліп, өңделді. Бұл мол мұра Президенттің телерадиоқорын толықтырды. Бүгінде журналистер, зерттеушілер мен деректі кино авторлары жиі жүгінетін құнды архивке айналған осы қор ел тарихының маңызды сәттерін сақтап келеді. Отыз жыл бойы үздіксіз жүргізілген күнделікті еңбектің нәтижесінде Қазақстандағы ең мықты деректі кино мектептерінің бірі қалыптасты. Қазір шығармашылық топ жылына қырыққа жуық фильм ұсынады.

Кинематография тарихында табысты деректі фильм режиссерлерінің көркем киноға ауысып, үлкен жетістіктерге жеткен мысалдары аз емес. Ал керісінше жағдайлар әлдеқайда сирек кездеседі. Бүгінде жасанды интеллекттің қарқынды дамуы көркем кино жасау тәсілдерін түбегейлі өзгертіп жатқан кезде, деректі киноның маңызы бұрынғыдан да арта түсуде. Себебі технологиялық өзгерістер дәуірінде дәл осы деректі кино адам тәжірибесінің шынайы көрінісі мен өмірдің боямасыз ақиқатын сақтайтын кеңістік болып қала береді.

Фото: Kazinform

— Қазір көркем кино үлкен өзгерісті бастан өткеріп жатыр. Ал деректі кино, керісінше, күннен-күнге сұранысқа ие болуда. Көркем туындылардың көбі алгоритмдер арқылы жасала бастаған заманда, дәл осы деректі фильмдер адам өмірінің шынайы тәжірибесін көрсететін ерекше кеңістік болып қала береді, — дейді режиссер.

Сонымен қатар Алмат Жақсылық жаңа технологиялардың дамуын жіті бақылап келеді. Ол заманауи камераларды зерттеп, дрондармен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеріп, нейрожелілердің мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытады.

— Әлем өте жылдам өзгеріп жатыр, ал режиссер осы өзгерістермен бірге дамуы керек, — дейді ол.

Уақыттың тынысын жеткізу

Адамдар туралы әңгіме айту да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі әр кадрдың артында шынайы әрі ұқыпты көрсетуді қажет ететін адам тағдыры тұр. Режиссер үшін осындай оқиғалар оның кәсіби шеберлігін сынайтын маңызды кезеңге айналады. Мұндай сәттер кейіпкерге мұқият қарауды, оған құрметпен қарауды және оның жан сырын тыңдай білуді талап етеді. Сонда ғана адамның шындығын көрерменге бар болмысымен жеткізуге болады.

— Шахтаға төрт шақырым тереңдікке түсіп, ҚарЛАГ пен АЛЖИР қасіретін көзімен көрген куәгерлердің естеліктерін тыңдау, өмірін қазақтың тазы тұқымын сақтауға арнаған жанмен жүздесу немесе Семей ядролық сынақ полигонында ондаған жыл еңбек еткен маманның әңгімесіне құлақ түру — осындай кездесулердің әрқайсысы адамды жаңа қырынан танытатын, шынайы жаңалыққа айналады, — дейді ол.

Әрбір осындай эпизодта енді еш қайталанбайтын дәуірдің тынысы мен өзіне тән ахуалы бар.

— Біздің міндетіміз — сол сәттерді барынша шынайы күйінде сақтап қалу. Бір күні дәл осы кадрлар арқылы келер ұрпақ біздің заманымыздың қандай болғанын көре алады, — дейді режиссер.

Технология күн санап дамып келеді. Заманауи камералар жетіліп, түсірілім процесі жеңіл бола бастады. Ал жасанды интеллект кинематографияға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Алайда өзгермейтін құндылықтар да бар. Шынайы деректі кино әлі де адамға деген сенімге, оны терең түсінуге және тарихқа деген құрметке негізделеді.

Фото: Kazinform

Алмат Жақсылық өз мамандығының да, 30 жылдан бері ел тарихындағы ең маңызды сәттерді сақтап келе жатқан ТРК-дегі еңбегінің де мәнін осыдан көреді.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені — Қазақстандағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі. Ол контент жасау, өңдеу және тарату жұмыстарын толықтай өзі атқарады және оны теледидар, радио, интернет сияқты барлық платформаларда ұсынады. Бүгінде Телерадиокешен құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

Бұған дейін қазақстандық тележурналистика ардагері Кеңесбай Әбенов ТРК-ның техникалық негізі қалай құрылғанын әңгімелеген еді.

Сондай-ақ, ТРК-нің техникалық дирекциясының басқарушы директоры Ернар Ибрагимов Телерадиокешеннің даму кезеңдері мен технологиялық жаңғыруы туралы айтып берді