Trump Organization Мальдив аралдарында токенизацияланған люкс-курорт салмақ

Фото: cryptotimes.io

АСТАНА. KAZINFORM — Trump Organization және Сауд Арабиясы қолдайтын, Лондонда тіркелген элиталық құрылыс компаниясы Dar Global Мальдив аралдарында блокчейн-технологиясын қолданатын жаңа люкс-курорт салатынын мәлімдеді, деп жазады Кazinform.

Crypto Times хабарлауынша, 2028 жылдың соңына жоспарланған жоба аясында курортты қаржыландыру үшін токенизация механизмі қолданылмақ. Бұл инвесторларға құрылыс басталған сәттен бастап қатысуға және блокчейн негізінде шығарылатын цифрлық акцияларды (токендерді) сатып алуға мүмкіндік береді.

Бұл — қонақүй саласында алғаш рет қолданылып отырған токенизацияланған қаржыландыру моделі, яғни меншік үлестері толықтай цифрлық форматта тіркеліп, кейін қайта сатуды жеңілдетеді.

Trump International Hotel Maldives-те жағалауда және су үстінде орналасқан 80 ультралюкс вилла салынады. Оларға Мале қаласынан жылдам жүретін катермен 25 минутта жетуге болады.

Мальдивтегі жаңа курорт Trump Organization мен Dar Global компанияларының кеңейіп келе жатқан халықаралық портфелінің жалғасы. Серіктестік аясында:

• Дубайдағы және Жиддадағы Trump Towers,
• Оман мен Катардағы курорттық жобалар,
• гольф алаңдары мен элиталық тұрғын үйлер салынуда.

Жобаның жариялануы Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед ибн Салманның Вашингтонға 2018 жылдан бергі алғашқы ресми сапары қарсаңында орын алды. Сапар барысында Эр-Рияд пен Вашингтон арасындағы экономикалық әріптестік мәселелері талқылануы мүмкін.

Мальдивтегі бастама әлемдегі жылжымайтын мүлікті токенизациялау үрдісінің күшеюімен де байланысты.

• 2025 жылғы наурызда Дубайдың Жер департаменті (DLD) Ctrl Alt платформасымен бірлесіп блокчейнге негізделген бағдарлама іске қосты. Ол инвесторларға жылжымайтын мүліктің шағын үлесін XRP Ledger орталықтандырылмаған желісінде тіркеп сатып алуға мүмкіндік береді.

• 2025 жылғы шілдеде DLD Crypto.com компаниясымен серіктестік орнатып, жылжымайтын мүлік операцияларында криптовалюта қолдану, активтерді токенизациялау және блокчейн-төлемдерді дамыту жөнінде келісімге келді. Бұл бастама Дубайдың 2033 жылға дейінгі жылжымайтын мүлік стратегиясына кіреді.

Трамп отбасы цифрлық активтер саласында да белсенді. World Liberty Financial (WLFI) компаниясы BitGo резервтерімен толық қамтамасыз етілген USD1 стейблкойнын басқарады.

Бұған дейін FIFA өз криптовалюталық токенін — FIFA coin шығаруы мүмкін екені хабарланған.