ЦАХАЛ: Газаны толық басып алу операциясы бірнеше айға созылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM- Газа қаласын толық басып алу үшін Израиль әскеріне бірнеше ай қажет болуы мүмкін, тағы бірнеше ай аймақты «тазартуға» кетеді. Бұл мәліметтерді Израиль әскерінің ресми өкілі, бригада генералы Эфи Дефрин мәлім етті, деп жазады ресейлік ТАСС.

Фото: armenpress

- Біз қаланы толық басып алуға бірнеше ай кететінін түсінеміз. Тағы бірнеше ай Газа аумағындағы террористік инфрақұрылымды жоюға кетеді, - деді ол брифинг барысында.

Дефрин сонымен қатар әскерге уақыт бойынша ешқандай шектеу қойылмағанын айтты.

- Біз ұрланған азаматтарды елге қайтарып, ХАМАС режимін жою үшін қанша уақыт әрекет ету қажет болса, сонша уақыт жұмыс істейміз,- деп қосты ол.

Осыған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскердің Газаға ауқымды құрлықтық шабуыл бастағанын растады. Оның мақсаты – Газа қаласын толық бақылауға алып, онда қалған палестиналық ХАМАС радикалды қозғалысының мүшелерін толық жою.

Осыған дейін ЕО Газаға байланысты Израильмен сауда келісімін тоқтатуды ұсынғаны туралы жаздық.